Электрондық цифрлы қолтаңбаның жұмыс істеу мерзімі телефонға хабарлама арқылы түседі

314
көрілім

Тұтынушылар телефонына элекрондық цифрлық қолтаңбаның әрекет ету мерзімі аяқталатыны туралы ескерту SMS хабарламасы арқылы келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл ретте халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары SMS хабарлама келген бойда жасайтын әрекеттер туралы нұсқаулықтарын ұсынды:

SMS хабарлама келген бойда Ұлттық куәландыру орталығының pki.gov.kz порталындағы өзіңіздің жеке кабинетіңізге кіріп, жарамдылық мерзімін тексеріңіз.

Жеке кабинетке сіз интернет-ресурстың басты бетінен немесе SMS-те көрсетілген сілтеме бойынша ауыса аласыз. Ары қарай келесідей алгоритм бойынша әрекет етеміз:

✅ Қолданыстағы ЭЦҚ-ңызға қатысты барлық деректерді толтырыңыз;

✅ «Кілттер тізімін жаңарту» батырмасын басыңыз. ЭЦҚ құпиясөзін (паролін) дұрыс енгізген кезде аутентификация кілті бейнеленеді. Қол қойып, әрі қарай жұмысқа кірісеміз;

✅ ЭЦҚ кілттерімен жұмыс жасау үшін «Менің ЭЦҚ кілттерім» бөліміне көшеміз. Ашылған мәзірден «ЭЦҚ кілттерін қайта шығару» тармағын таңдаймыз.

❗ Электрондық қолтаңбаның қолданылу мерзімі әлі аяқталмаған жағдайда өтінімді онлайн беруге болады.

✅ Бұдан әрі негізгі жолдарды толтырыңыз, «Өтінім беру» батырмасын басыңыз, растаңыз және оған қол қойыңыз;

✅ Егер ЭЦҚ-ны сақтау үшін сіз компьютерді таңдасаңыз, өзіңіздің ЭЦҚ кілттеріңізге құпиясөз (пароль) ойлап табыңыз және енгізіңіз, одан кейін «Сертификаттарды жүктеу» батырмасын басыңыз.

❗ Құпиясөзде төменгі және жоғарғы регистрдегі латын әріптері, сондай-ақ сандар болуы тиіс. Құпиясөздің ұзындығы кем дегенде 6 таңбалы болуы керек.

✅ «Сертификаттарды жүктеу» батырмасын басқан соң тіркеу куәліктерін сәтті орнатқаныңыз туралы хабарлайтын терезе пайда болады.

Айта кетейік, ЭЦҚ қолдану мерзімін ұзарту да, оны жаңадан рәсімдеу де тегін қызмет.