Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Өскеменде өткен бәсеке жайлы ойын ортаға салды

405
көрілім

Өткен жылы әлемдік аламанда күміс медаль иеленген Нұрғожа Қайпанов Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Күрес түрлерінен балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде өткен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел чемпионаты туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әрине, аталмыш додада 74 келіге дейінгі салмақта Қайпанов фаворит саналды. Атағы ел ішіне таралып, дүбірлі додаларда жүлде күтетін палуанға айналып отыр. Солтүстікқазақстандық спортшы 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен лицензиялық Әлем чемпионатынан кейін 74 келіге дейінгі салмаққа ауысамын деген болатын. Сөйтіп, алғашқы ірі додасын алдымен әскерилер ойындарынан бастап, сол жерде финалда тәжірибелі Хетик Цаболовқа есе жіберген. Сосын Павлодарда өткен сайыста сәтті өнер көрсетіп, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжановпен шеберлік байқасты. Артынша Ресейде өткен Иван Ярыгин атындағы Гран-При бәсекесіне қатысып, сол доданың финалында Магомедрасул Газимагомедовке ұтылған Разамбек Жамаловқа 7:8 есебімен есе жіберген болатын. Маңызды турнирлерде тәжірибе жинаған отандасымыз Өскеменде өткен сайыста да бақ сынады. Шешуші сында алматылық Дархан Есенғалидің осал тұсын тапты. Ал Дархан ширек финалда жерлесіміз Шыңғыс Мұхаметқалиевтің алдын орап кеткен еді. Дегенмен алматылық палуанды 6:1 есебімен ұтқан Қайпанов қанша тәжірибелі болса да шешуші белдесудің оңайға соқпағанын айтты.

– Мұның алдында Иван Ярыгин атындағы Гран-Приге қатысып, едәуір тәжірибе жинадым. Сол сайысқа дайындық кезінде бар күш-жігерімді салған едім. Одан кейін бапкерлер тарапынан жүктеме де азайды. Сондықтан Өскемендегі додаға жоғары әзірлікпен келдім деп айта алмаймын. Осыған дейін ел чемпионатының финалдық белдесуде алматылық спортшыға есе жібергенім бар. Бұл жолы есемді қайтаруға тамаша мүмкіндік туындады. Дарханның Азия чемпионатында да қола медаль иеленгенін айта кеткен жөн. Алла бұйыртып, алтын медаль иелендім. Біріншіден, бапкерлеріме алғысымды айтқым келеді. Ал жаңа салмақ жөнінде айтсам, өзімді жақсы сезінемін. Қазір таза салмағым 74-75 келі. Бір түйгенім, шеберлігімізді шыңдау үшін ресейліктермен жиі белдесу қажет. Олардың өзіндік қалыптасқан күрес мектептері бар, – дейді Нұрғожа.

Соңғы сөзінде Қайпановтың дағыстандық палуандарды меңзегенін аңғару қиынға соқпады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ