Археологияны дамытуға арналған өңірлік бағдарламаның арқасында Шығыс Қазақстанда соңғы үш жылдың ішінде көптеген жәдігерлер табылды. Енді сол қазына әлем музейлеріне қойылмақ, деп хабарлайды газет тілшісі ҚазАқпарат сайтына сүйене отырып.
Бұл жөнінде өңір басшысы Даниал Ахметов Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Әкімнің айтуынша, өңірде «Шығыс Қазақстанның көне қазыналары» атты жоба дайындалып жатыр. Бұл жоба Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев бастаған археологтарға Шілікті, Берел, Елеке сазы қорымдарынан табылған жәдігерлерді әлем назарына кең ауқымда ұсынуға мүкіндік береді.
- Үш жылдық ізденістің басты жетістігі - Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы жайлауынан табылған 17-18 жастағы «Алтын Адам». Ақсүйек жігіт біздің заманымызға дейінгі VIII-VII ғасырларда өмір сүрсе керек. Облыс тұрғындары мен қонақтары бұл жәдігерлерді Өскеменде бой көтеретін «Археология және қазіргі заман өнері» музейінен көретін болады, - деді Даниал Ахметов.
Облыс басшысының сөзіне сенсек, құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары келесі жылы дайын болмақ. Ал Әлем назарын аудару үшін Лондон, Мәскеу, Қазан, Ташкент қалаларында көшпелі көрмелер ұйымдастырылатын болады.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ