Әлемдік додаларда топ жаруда

224
көрілім

Жуықта Өскемен қаласындағы Жекпе-жек сарайында «Аltay Athletics» клубының 2018 жылғы трэктік маусымының қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өткізілді. Елімізде алғаш рет құрылған жеңіл атлетика клубы аз уақыттың ішінде әлемдік сайыстарда алдыңғы қатарлардан көрініп келеді.

Шараға Шығыс Қазақстан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов, «Аltay Athletics» клубының басшылығы мен спортшылары қатысты.

– Еліміздегі жеңіл атлетиканың маңдай алды өкілі, олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Азия ойындарында алтын медаль иеленіп, Құрлықтық кубокте күміс жүлде еншіледі. Надежда Дубовицкая Азия ойындарында қола медальды қанжығасына байлады. Клуб мүшесі Нора Джеруто Гауһар лигасының күміс жүлдегері атанып, IAAF сериясының әлемдік шақырту кезеңінде топ жарды. Сонымен қатар Дэйзи Джипкемей Гауһар лигасының финалисі әрі IAAF сайыстарының жүлдегері болды, – дейді Асқар Байжігітұлы.

«Аltay Athletics» үлгісі еуропалық жетекші клубтардың бірі, 94 жылдық тарихы бар LC Zurich клубының үлгісі бойынша жұмыс істемек. Клубтың басқарушысы 30 жылдан астам әр түрлі халықаралық спорттық ұйымдарда қызмет атқарған – Гвидо Тоньони.

Біздің анықтама

Өткен жылы ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен Өскеменде еліміздегі тұңғыш «Аltay Athletics» кәсіби спорттық жеңіл атлетика клубы құрылған болатын. Клуб мүшелерінің құрамына Ольга Рыпакова мен Варвара Назарова, Артур Гафнер сынды шығысқазақстандық спортшылар енген. Сондай-ақ ҚР жеңіл атлетиканың дамуына серпін беру үшін алғашқы бастамасында кениялық спортшылар клубқа мүше болып кірді.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ