Еліміз қоқыс өртеуден электр қуатын өндірмекші

432
көрілім

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоқыс өртеп, энергия алатын "Waste to Energy" жаңа механизміне сүйенген жобаны жүзеге асыратын болады. Бұл жөнінде министр Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

-Қоқысты өртеу арқылы электр энергиясын алып, электр желілеріне жібереді. Бұл жоба полигондарға көмілетін қоқыс көлемін айтарлықтай қысқартып, салаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жоба бойынша 6 пилоттық қоқыс өртейтін кешен салу қарастырылған, - деді министр Парламент Сенатында өткен Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, Қазақстандағы қоқыс өңдеу секторын дамытуға мүдделі инвесторлардың тізімі бар.

-2025 жылға дейін термиялық жою үлесін 30% жеткізу жоспарланған. Бұл Еуропалық одақтың орташа үлесіне сәйкес келеді. Қазақстандағы қоқыс өңдеу секторын дамытқысы келетін ықтимал инвесторлар тізімі бар. Бұл шаралар күресіндерді жоюға, полигон салуға жұмсалатын бюджет шығындарын азайтып, экологияға, адам денсаулығына, флора мен фаунаға келетін нұқсанды төмендетеді, - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде заңсыз төгілген қалдықтың 14 пайызы ғана жойылғаны жөнінде хабарлаған болатынбыз.