Елімізде пойыз билеттерінің бағасы қымбаттай ма

19
көрілім
Фотосурет Today.kz-тен.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Диас Ахметшәріп пойыз билеттерінің бағасы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз, ұлттық тасымалдаушы ретінде, Қазақстандағы барлық тасымал бойынша қажеттіліктің 80 пайызын жауып отырмыз. Қалған 20 пайыз - жеке компаниялар үлесінде. Біз жыл сайын 120 бағдар бойынша қызмет көрсетеміз. Оның 50 бағыты - жолаушылар тасымалы. 70 бағдар - қала маңындағы тасымал. 50 маршруттың ішінде бізде 39-ның әлеуметтік маңызы бар. 11 - коммерциялық бағдар жұмыс істеп тұр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы жасалған әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша ұзақ мерзімді субсидиялау туралы келісім бар. Осы келісімге сәйкес біз жыл сайын әлеуметтік маңызы бар бағдарлардың тарифтерін көтереміз. Өйткені олар мемлекет тарапынан субсидияланады», - деді Диас Ахметшәріп елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Компанияның ресми өкілі сондай-ақ, биыл қанша бағдар бойынша бағаның көтерілгенін айтып өтті.

«Осы жылы біздің бағаларымыз көтерілген жоқ. Тек қыркүйекте есеп береміз. Ал құзырлы органдар тарифтерді көтеру туралы хат жібереді. Бізде әлеуметтік маңызы бар 28 бағдар үшін тариф 10 пайызға өсті. Бұл жыл сайынғы процедура», - деді Диас Ахметшәріп.