Ең қарт қатысушының жасы – 75-те: Өскеменде «OSKEMEN CROSS FEST-2022» жарысы өтті

775
көрілім
Шартты фотосурет

Әр жылы түрлі қызықтармен есте қалатын бәсеке биыл 200-ден астам қатысушының басын қосты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бастапқыда ұсынылған мәліметтерде жарыста бақ сынауға ниеттілердің ұзын-ырғасы 250-250 адамның маңайында болады деп топшыланған. Дегенмен сайыстың бас төрешісі Александр Кругликов таңертең сөреге 207 қатысушының тізілгенін айтты. Не десек те, бұқаралық спортты қолдау үшін 10 шақырым жолды бөгеп, мәрені кесіп өтулері үшін бар мүмкіндіктер қарастырылды.


- Бұл алғаш рет ұйымдастырылған жарыс емес. Тек бірнеше жыл бойы пандемия салдарынан өткізу мүмкін болмады. Көпшілік осындай жарыстарды әбден сағыныпты. Ең алдымен ұйымдастырылу деңгейін атап өткім келеді. Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен қалалық әкімдіктің тізе қосып қолға алулары, түбі осындай тамаша жарыстың өтуіне негіз болды. Тіпті, осы үшін таңсәріден «Шешек» дәмханасынан бастап Республика алаңына дейінгі жолды бөгеу - барлығы да ұсақ-түйегіне дейін жоспарланғанын білдіреді. Төрелік еткен облыстық жеңіл атлетика федерациясы мамандары да жұмыстарын жедел атқара білді, - деді бас төреші.


Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің директоры Ербол Қоңыратовтың сөзінше, топ жарып, жүлде иеленгендерінің барлығы арнайы сертификаттармен мараптталды.

- Теннис орталығындағы тренажерлік залға, бассейнге лимитсіз сертификаттар табысталды. Осы тұрғыда «Додо пицца» дәмханалар желісінің директоры Талғат Көжебаев қолдау білдірді, - деді Ербол Азатбекұлы.

Қатысушылардың бірі үздіктер қатарынан біршама артта қалса да мәреге жеткен соң «мен жеңдім» деп маңайындағыларға естірте айтқан екен.
- Мұның мәнісі сол, алдына мақсат қойып, ұзақ қашықтықты бағындырғанын өзі үшін жеңіс деп санаған. Иә, кейбірі әлеуетін бағамдап көрсе, кей қатысушылар өзімен-өзі жарысты, - деді Александр Кругликов.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, сағат 10:15-те сөреден суырылып шықса, түс ауа, сағат 13:05-те соңғы қатысушы мәре сызығын кесіп өткен. Бәсеке төрт жас ерекшелігі бойынша өрбіді: 12-17; 18-29; 30-44 және 45 жастан жоғары. Ең қарт қатысушы Николай Григорьевтің жасы 75-те. Ардагерлер арасында 42 шақырым 195 метр марафонында халықаралық жарыста оза шапқан. Мамандар жеңіл атлетиканың жанашыры деп айтты. 45 жастан жоғары санат бойынша Юрий Егерге тең келері болмады. Жалпы, жарыс нәтижесі төмендегідей:

12-17 жас:
1. Рауль Жолдыбеков
2. Ерасыл Тұрсынбеков
3. Владислав Ченыкаев
Қыздар арасында:
1. Алена Переверзева
2. Жәмилә Дуанова
3. Ангелина Корчебнова   
18-28 жас:
1. Никита Евдокимов
2. Сұңқар Абылканов
3. Мейірлан Нұрлыбеков
Қыздар:
1. Евгения Завьялова
2. Лариса Переверзева
3. Ангелина Кузьмина
30-44 жас:
1. Игорь Блинов
2. Әмір Разаков
3. Евгений Поляков
Әйелдер:
1. Нұргүл Айманбетова
2. Ирина Абакумова
3. Жанна Юсупова
45 және одан жоғары жастағы ерлер арасында
1. Юрий Егер
2. Александр Максименко
3. Радик Хасанов
Әйелдер:
1. Татьяна Максимова

Әділхан ЕСІМХАНОВ