Еңбек жасағының жабылу рәсімі өтті – Жарма ауданы

377
көрілім

Жарма ауданында «Жасыл ел» еңбек жасағы маусымының жабылу рәсімі өтті. Шараға жазғы еңбек науқанына қатысқан жастар, қоғамдық ұйымдар өкілдері шақырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Жасыл ел» жазғы еңбек жасағы биыл ауданда 6-шы маусымын аяқтап отыр. Өткен жылдарда бұл ұйым белсенді жастарды біріктіріп қана қоймай, оларды еңбекке баулып, бойларына отансүйгіштік сезімді дарытатын маңызды қозғалысқа айналды.
- Биыл сарбаздар қатарына 90 жас қабылданған болатын. Олар елді мекендерді тазарту, көгалдандыру жұмыстарымен бірге, әлеуметтік маңызды істерге де белсене араласты, - деді ұйымдастырушылар.

Шара барысында ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Матанов жастардың күшімен көп жұмыс атқарылғанын атап өтіп, жиналғандарды еңбек маусымының аяқталуымен құттықтады.
Жастар ресурстық орталығының директоры С.Матаев ауданда жастардың қатысуымен атқарылған жобалар мен жұмыстарды баяндап, барлық сарбаздарды алдағы уақытта да игілікті істерге атсалысып, еліміздің гүлденуіне үлес қосуға шақырды.

 Бұдан соң еңбек маусымында үздік шыққандарды марапаттау рәсіміне кезек берілді.


 «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары маусымының қорытындысында «Үздік округ» номинациясы бойынша Шалабай ауылдық округі марапатталды. «Үздік сарбаз» номинациясын - Диас Ибраев, «Үздік капитан» номинациясын - Нұркен Нұркенов иеленсе, «Үздік жұмыс беруші» номинациясын - Қалбатау ауылдық округі, «Үздік медиа маман» номинациясын - Сарман Мадина жеңіп алып, Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар жастарға арналған шағын концерт қойылып, би кеші ұйымдастырылды.


Шара соңында волейболдан жарыс өтті.