Әнге бөленген Өскемен!

389
көрілім

Міне, 4 жыл болды біздің сүйікті Өскемен қаласының күнін өнер фестивалімен атап өту дәстүрге айналды. 7 қыркүйек күні ШҚО Драма театрының іші көрермендерге лық толды. «Ақ Ертіс» Халықаралық музыка фестивалінің бағдарламасы өте қызықты, әрқилы, әрі көпжанрлы.

Фестиваль географиялық тұрғыдан кеңейе түсуде, себебі бұл фестивальге Россия, Сербия, Италия, Перу және германиялық өнер майталмандары келді. Аталған шараны өзінің шығармашылығымен өнерсүйер қауымның ерекше ықыласына бөленіп жүрген Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор, «Ақ алтын Тарлан» жүлдесінің иегері, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері – Айман Мұсаходжаева, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Құрмет және Барыс ордендерінің иегері – Шахимардан Абилов, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, «Астана Опера» опера және балет театрының әртісі – Сүндет Байғожин болды. Есімдері елге белгілі азаматтармен қатар Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училишесінің «Ән салу» бөлімінің студенті Медведев Андрей де өз өнерін көрермендерге паш етті. Оның орындауындағы В.А.Моцарттың «Фигароның үйленуі» шығармасындағы Фигаро ариясы шеберлікпен орындалды. Бұл Андрейдің шығармашылық жолға өрлеудегі алғашқы баспалдағы.

Концерттің басталуы «Солистер академиясы» Мемлекеттік оркестрінің орындауында қазақстандық композитор Т.Қажғалиевтің «Дала аңызы» симфониялық сюитасының «Қыз қуу» шығармасымен әдеттен тыс, дирижерсіз орындалды.

Әйгілі скрипкашы А.Мұсаходжаева және Ресей Федерациясының Халық әртісі Сергей Ролдугин ансамбльдік орындауда И.Брамстің концертінің 1 бөлімін орындап, өнерсүйер қауымды өз шеберліктеріне тәнті етті.

Әнші Әлия Бейсенова өзінің кәсіби жолын Өскеменнің өнер ордасы - өнер училищесінде Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі В.М.Ткачтің сыныбында бастаған болатын. Кейіннен белгілі испандық опера әншісі Хосе Каррерастан білімін шыңдады. Бүгінде Әлия Италияда шәкірт тәрбиелеп, шығармашылықпен айналысуда. Әлия Д.Россинидің «Севильский цирюльник» операсындағы Розинаның каватинасын шебер орындап шықты.

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Құрмет және Барыс ордендерінің иегері – Шахимардан Абилов вокалдық өнердің шексіз мүмкіндіктерін көрсете отырып, А.Жұбановтың «Абай» операсындағы Абай ариясын асқан шеберлікпен орындап шықты. Сондай-ақ Сүндет Байғожин Имре Кальманның «Принцесса цирка» опереттасынан Мистер Икстің ариясын және «Астана Опера» опера және балет театрының солисі Жұпар Габдуллина М.Төлебаевтың «Бақыт вальсі» шығармасын жоғары дәрежеде орындады.

Қала күніне орай ұйымдастырылған өнер мерекесі өте жоғары деңгейде өтті, себебі өнердің шын жанашырлары фестивальге дейін ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің оқытушылары мен студенттеріне арнап шеберлік сағаттарын өткізді. Әлемдік деңгейдегі өнер майталмандарының берген білімі, өскелең ұрпақ үшін баға жетпес құндылық іспетті болмақ.

Светлана Григорьева,
Ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің жоғары санатты ұстазы