Еркін күрестен ел чемпионатындағы фавориттер кімдер?

458
көрілім

Күрес түрлерінен ел чемпионатының басталуына үш күн қалды. Тұңғыш рет көрермендерсіз өтетін бәсекеге еліміздің барлық аймағынан спортшылар қатысады деп күтілуде. Ұлттық олимпиадалық комитет еркін күрес бәсекесіне талдау жасаған екен. Сонымен тұғыр сатысынан көрінуге кімдер қауқарлы? Олардың қатарында әлем біріншілігінің жүлдегерлері мен Азия чемпиондары бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

61 келіде ұлттық құрамадағы тәжірибелі спортшылардың бірі, Азия чемпионы және Азия ойындарының жүлдегері, жармалық Расул Қалиев сынға түседі. Әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алған Нұрислам Санаев та осы салмақта белдесуді құп көрген. Аталған екі балуанға талантты жас балуан Адлан Асқаров та үлкен қауіп төндіреді деген сенімдеміз.

74 келідегі балуандар бәсекесі бұрынғыдан да тартысты өтері хақ. Себебі бұл салмақта өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрғожа Қайпанов, екі дүркін Азия чемпионы, Токио ойындарына жолдама жеңіп алған жерлесіміз Данияр Қайсанов және 2016 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжановты айрықшалап өтуге болады. Жанкүйерлер осы салмақта кімнің көш бастайтынын әлі де тап басып айта алмай отыр.

86 келіде семейлік Азамат Дәулетбековке сенім артатындар аз емес. Сондай-ақ Бақтияр Ізбасаров, Нұрдәулет Көктеубаев, Есқали Дәулетқазы есімді спортшылар да жүлдеден үмітті.

125 келіде Азия чемпионы Юсуп Батырмурзаев, әлем чемпионатының қатысушысы, риддерлік Олег Болтин және талантты жас балуан Іңкәр Ермұхамбет бар.

Сондай-ақ фавориттер қатарында болмаса да 79 келі салмақта жерлесіміз Тілек Қабыкеновтің өнер көрсететіндігін айта кетейік.