Еркін күрестен еліміздің бас бапкері Азия чемпионатында кімдерден жүлде күтті?

330
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Еркін күрестен Ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев Үндістанда өткен Азия чемпионатынан кейін халықаралық Қазақпарат агенттігіне берген сұхбатында құрлықтық доданы қорытындылап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Лицензиялық аламан болмаса да әлеуеттерін байқау үшін аталмыш бәсекенің маңызы жоғары саналды. Палуандарымыз толық құраммен барды. Десе де кей спортшыларымыз жүлдеге сәл жетпей сүрінді. Бұл ретте Әсет Серікбаев та ойын ортаға салған екен.

– Іштей топшылап, 57 келіде белдескен Нұрислам Санаев пен 86 келідегі Азамат Дәулетбековтен жүлде күткен едім. Алайда қос спортшы да медаль ала алмады. Нақтырақ айтсақ,екеуі де қола жүлде үшін белдесуде қарсыластарына жол берді, – дейді бас бапкер.

Расымен да 86 келіде белдескен семейлік палуанның жүлдегерлер қатарынан көрінуіне мүмкіндігі зор еді. Дайындығы шабан дегенге де келмес. Дәулетбеков алдымен ирандық Ахмад Базригалеге 4:5 есебімен есе жіберді. Артынша ирандық спортшы финалға жолдама алып, жерлесіміз қола медаль үшін белдесті. Өкініштісі сол, кіші финалда өзбекстандық Иса Шапиевке 2:4 есебімен жол беріп, бесінші орынмен шектелді. Дәулетбеков жүлдегер атанбаса да, бесінші орын иеленуі командалық есепте құраманың үшінші орыннан көрінуіне ұпай әпергені рас. Десе де бұл жолы тұғыр сатысына көтеріле алмады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ