Ернұр Фидахметов Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді!

433
көрілім
Фотосурет grw_vko парақшасынан

Кеше елорда уақытымен кешкісін грек-рим күресінің шеберлері жарысты аяқтады. Моңғолияда өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионаты шығысқазақстандық палуандар үшін нәтижелі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Нұрсұлтан Тұрсынов 87 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болған соң кіші финалда тағы бір семейлік спортшы бақ сынады. Осының алдында ел чемпионы атанған Ернұр Фидахметов Улан-Батор шаһарында жүлде аламын деп тыңғылықты әзірлікпен барған-тын. Соңғы уақытта 60 және 63 келіге дейінгі салмақтарда ел көлемінде қызу бәсекелестік байқалып келеді. 60 келіге дейінгі салмақта жерлесіміз оза шауып, ел құрамасы сапында Моңғолияға жол тартты. Сөзсіз, спорт мамандары алтыннан үмітті қатысушылардың бірі деп Қырғызстанның үздігі Жоламан Шаршенбековтің есімін атады. Бірақ іс жүзінде Иран, Жапониядан келген палуандар да жоғары деңгейлі белдесулер көрсетті.
Сонымен Ернұр алғашқы айналымда оңтүстіккореялық Ханжай Чангтен 3:1 есебімен басым түсті. Жартылай финалда сол Шаршенбековпен жолы түйісті. Ұпай санымен болсын ұтатындай мүмкіндігі мол еді, тек осыған дейін Әлем кубогінде топ жарған қарсыласы әр кезеңде қорғаныс пен шабуылда қатар сауатты күресті. Қорытынды есеп 6:1, Ернұр есе жіберді.
Әрі қарай қола медаль үшін белдесу. Ширек финалда қырғыз спортшысынан айқын ұтылған бозкілем қожайыны Балжиниан Цевеенрабдан Фидахметовтің кіші финалдағы қарсыласы атанды. Оған деген жанкүйер қолдауы да көгілдік экранның ары жағынан сезілді. Әйтсе де Ернұр осының барлығына еш мән бермеді. Қайта төреші ысқырығынан соң бірден шабуылға көшіп,  Цевеенрабданды қыспаққа алды. Тіпті асыра лақтыру кезінде төрт ұпайға да ие болды. Сөйтіп, әуелде 7:0 есебі болып, кездесу аяқталғанға дейін 12:6 есебі сақталды.
Сонымен, жерлесіміз Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды!

Әділхан ЕСІМХАНОВ