Әсет Найманбайұлының 150 жылдығына орай Үржар ауданында мәдени іс-шара өтті

974
көрілім
Фотосурет Үржар ауданы әкімдігінің ресми сайтынан алынды.
Алты алаштың ардақтысы Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойына арналған мәдени іс- шара Үржар ауданының Көктал ауылында өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз тілшісі Үржар ауданы әкімдігінің ресми сайтына сүйене отырып.

Көктал ауылы — Әсет ақынның нағашыларының мекені. Ауыл тұрғындары ауданнан келген қонақтарды ауыл сыртынан шашу шашып, қарсы алды. Дүбірлі тойдың аясында арнайы ұйымдастырылған жоспардың бірінші бөлімінде жаңа мектеп ауласында Әсет Найманбайұлының ескерткішінің ашылу салтанаты болды. Ауыл ақсақалдары мен ардагер ұстаздары арнайы лентаны қиып, тас мүсінге гүл шоқтарын қойды.

Шараның екінші бөлімде Әсет ақынның саятшылық, серілік қасиеттерін дәріптеу мақсатында: ауыл шетінде арнайы алаңға киіз үй тігіліп, ұлттық ойындары «Аударыспақ», «Теңге алу», «Көкпар» ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар берілді.

Үшінші бөлім «Ақынның жария болмаған өлеңдері» атты пікірталаспен айшықталды. Көктал ауылының тумасы, «Алыстан жеткен сарын» кітабының авторы А. Бөгесов; Көктал ауылының тумасы, ел тарихын аудан, облыс көлемінде насихаттап жүрген, «Ұрпаққа айтарым бар» кітабының авторы К. Базарқызы; аудандық мәдениет үйінің дәстүрлі әншілері Әсет ақынның жария болмаған әндерімен бөлісті. Сондай- ақ осы кеште дүлдүл ақынның «Өсиет», «Мақпал», «Қоңырқаз», «Қаракөз сәулем, көз көрген» өлеңдері, ұшқыр ойлы, суырып салма ақын Кемпірбай Бөгембайұлының науқастанып хал үстінде жатып, Әсет ақынмен соңғы дидарласқандағы өлеңі орындалды.

Түскі ас кезінде ақын бабаның рухына құран бағышталып, дастархан жайылды.