Абай ауданындағы мемлекеттік органдардың бірінің қызметкері мас күйінде көлік басқарған. Әдеп жөніндегі кеңесте ісі қаралған мемлекеттік қызметшіні зейнеткерлік жасқа таяп қалғанына байланысты жұмыстан шығармау жөнінде шешім қабылданды.
Шенеуніктің ісі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралды. Іс материалдары бойынша мемлекеттік қызметші 13 қазан күні мас күйінде көлік басқарып, жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің көзіне түскен. Көлік жүргізушісіне қатысты хаттама толтырылған.
Кеңес отырысы барысында шенеунік өз кінәсін мойындап, теріс әрекеті үшін кешірім сұрады. Кеңес мүшелері оның егде жасын ескеріп қызметінен босатпай, қазіргі лауазымын төмендету жөнінде шешім шығарды.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ