Эстонияда тұратын тарбағатайлық қазақтың жеңіл атлетиканы насихаттауы хақында

2112
көрілім
Фотосуреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды

Иә, біз скифтерміз. Сақ, массагет, сарматтар жортып өткен сайын дала перзенттері аттың жалында, түйенің қомында жүріп айшылық алыс жерлерді әдепкі тірлік көріп, сәт сайын бағындырды. Бабалар ізімен бағыт түзеген батыр аталарымыз кейінгі ұрпаққа да көшпенділіктің көне мұрасын қалдырып келді. Содан болар, жарық дүниеге келгелі ғұмыры шалғай сапарлармен сабақтасқан жерлесіміз қазір Отанынан жырақта, алайда есімі ТМД-дан асып, Азия мен Африка құрлығына жеткен. Жуырда Валерий Жұмаділов деген ныспыны нысана ретінде алып, аз-кем ақпарат іздестіріп көрдік. Қуанышқа орай, тегі тарбағатайлық тепсе темір үзер азаматтың өзімен байланысқа шығып, Эстониядағы тіршілігі жайлы мәлімет алған едік.
«Бәрібір орысша білмейсің»

Шалқыған өмір сұлбасы көзге шырамытып та байқалмады ол кезде. Өмір ағысы табандыларды ғана тұғырға қондырып, әлсіздерді имендіре түсті. Ағайындылардың аяқ алысы көңіл қуантарлықтай еді. Жылқаш, Еркеш, Жармұқаш Жұмаділовтер сұм соғыс өмірін жалмаған атасы Оспанның қазасынан соң бар ауыртпашылықты қаймықпай қарсы алды. Тіпті бір етікті үшеуі кезектесіп киіп шығып, алға қадамдауға жоқшылық та тұсау сала алмады. Тарбағатайдағы Тұғыл ауылының тумалары түздің арландары іспетті төңірекке тінте қарайтын. Көктем туып, қар сөгіле алда әлі талай қордаланатын жұмыстың кескіні байқала бастады. Ал жаз шыға Еркеш Оспанұлы шопандарға көмекке жұмылдырылды. Құланиектеніп атып келе жатқан құба таң жарық дүниені тас тұмшалап тастаған қою қараңғылықты баяу ығыстырған сәтте шопандардың күнделікті тірлігіне балықшылар үн қосып барын салатын-ды. Балығы тайдай тулаған Зайсан көлі де әсіре жомарттығын танытып еді-ау, шіркін! Еркеш Оспанұлына ес болған тайыншадай төбеті көл жағалағандар үшін әжептәуір көмекші-тін. Кейіпкеріміздің әкесі қыста итін соларға жалға барып, балықшылар түсірген олжасын Өскеменге сауадалады. Бұл уақытта Жылқаш Жұмаділов өңірдегі қазақ тілді жалғыз мектеп – Жамбыл гимназиясына түсіп, үздік оқуымен ұстаздардың үкілеген үміті атанды. «Аға-інілерің де алғыр болса, есігіміз ашық» деген соң алдымен Еркеш, сосын Жармұқаш Оспанұлы осында орнықты.

Әкесі Еркеш Оспанұлы мен анасы Римма Дембицкая


– Әкемнің математикаға деген қабілеті таңдай қақтырарлық еді. 10-шы сыныпты аяқтаған соң Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетіне оқуға түсуге жіберілді, – деді Валерий Жұмаділов. – Дегенмен ол жақта бір аспирант: «Бәрібір орысша білмейсің, не үшін келдің?» деген соң әрі қарай қалуды құп көрмей, елге оралды. Семейдегі теміржол инситутын тәмамдап, Сібірге көш түзеді. Теміржол салуға барған әкем сол жақта Смоленскіден келген анамды жолықтырып, 1960 жылы отау құрды. Сенесіз бе, манағы бүкілкеңестік Абақан-Тайшет комсомол құрылысына 10 мыңға тарта жасөспірімдер мен қыздар тартылды.
Шабадан мен шақалақ
Мінекей, теміржол торабында жүріп ауыр еңбектен ат тонын ала қашпаған жұп арада жыл өткенде кере қарыс, ақша маңдай сәби сүйді. Ғаламшарға тағы бір Жұмаділов келіп, есімін Валерий деп қойды. Туғанына небәрі бір ай болған шақалақ алғашқы сапарын Красноярск қаласына жасады. Бір жасқа да толмаған бөбек ата-анасының құшағында жатып 5000 шақырымды бағындырды. Төрт жасына дейін пеші тепсіне қызып тұратын вагон тербелісінде жүріп көшпенді өмірдің бел ортасына түскен. Құрылыс-монтаж пойызында тер төккен ата-анасы жол үстінде ғұмыр кешкендіктен Валерий Еркешұлы шынашақтай шағынан шыныға бастады. Ендігі аялдама Тарбағатайдың Тұғыл ауылы. Қашықтық қысқа, десе де жол азабы анық байқалды.


– Шығыс өңіріне жасаған сапарым еміс-еміс есімде. Анам аз-маз сыр шерткен-тұғын. Жүрдек пойыз Өскеменде тізгін тартып, Тұғылға дейін жүк мәшинесі, болмаса бұйырған көлікпен жететінбіз. Апыр-ай, сонда әке-шешем жарты күн бойы қолдарындағы шабаданмен бірге мені жаяу көтеріп жүріпті. «Ес кетті, жан шықты» дегенде кешқұрым біреу тоқтап, межелі жерге табан тіредік. Анам «Енді Қазақстанға бармаспын» деп біржола өкпелеген. Содан жыл сайын әжеме Смоленск қаласына барып жүрдім, – деді жерлесіміз.
Анасының арғы тегі поляктар ма?
Айтпақшы, Валерий Жұмаділовтің анасы Римма Дембицкая да сәби күнінен от пен оқтың арасында күн кешкен жан. Неміс оккупанттары Беларусь жеріне баса-көктеп кіргенде небәрі бір жаста болды. Смоленск отқа оранғанда немістер анасы екеуін Батыс Еуропадағы концлагерьге жіберуге шақ қалды. Бөбектің періштесі жебеді ме екен, әйтеуір тозақ шеңберіне түспеді. Соғыс өткеріп, оқуын тәмамдады, ал 18 жасында Сібір теміржолында жұмысын бастады. Жалпы, Дембицкая деген поляк тегі Беларусь елінде ара-тұра ғана кездеседі екен. Соған қарағанда Валерий Жұмаділовтің анасында поляктардың қаны болған көрінеді. Тағдыры өзгеріске толы жанның шиеленісті оқиғасы саналуан. Соның ішінде Тұғылға жасаған сапары ерекше қызықтырды.


– Шынтуайтында, ауыз толтырып айтарлық естеліктер қалмапты. Әлі тым кішкентай болғандығымнан шығар. Тағы бір рет 50 жасымда бардым. Әкемнің әпкесі Маруаш апайдыкіне аялдадық. Жаздыгүні еді, әпкемнің үйі немерелерінің шуылына астасып, абыр-сабыр болып жатты. Бүлдіршіндерді басымнан асыра көтеріп, мәре-сәре болдық. Көкке көтерілуге бәрі бірінен соң бірі кезекке тұрып, жанымнан екі елі кетпеді. Сосын Зайсан көліне шомылып, жаңа сойылған қойдың етінен ауыз тидік. Қазақ дастарқанын бешбармақсыз елестету мүмкін емес, одан да дәм бұйырды, – деген сөйлемдер атажұртына деген риясыз сағынышын анық аңғартты.
Кейіпкеріміздің кескін-келбеті «бұл адам қазақ» деген ойға бірден жетелемеуі де мүмкін. Әкесі – қазақ, анасы – орыс, Римма Павловнаның әкесі – белорусь болса, арғы тегі поляктар болуы ықтимал деп жаздық. Қазір Эстонияның Таллин шаһарында тұратын ол 50 жасында жеңіл атлетикаға шындап кірісті.


Ұлтын айтқанда ұрандата сөйлейді
Спорттан оған дейін де қаражаяу болмады: 40 жасынан бастап штангамен отырып-тұру, бұлшық еттерін қатайту күн тәртібіне енді. Оған қоса, йоганы серік етуі де оң нәтижесін берді. Еуропа мен азиялық достарының 60 жылғы ғұмырында көлденең қоятын сауалы: «Валерий, сіздің ұлтыңыз қандай?». Ағарған шашы мен сымдай тартылған денесі, сақтарға тән аққұбалығы мен қысыңқы көз түрлі ойдың жетегіне тартуы мүмкін.


– Осы жасыма келгенде әрбіріне «Мен – қазақпын!» деп сеніммен айта бастадым. Жасыратын несі бар, қазақы дәстүрге салсақ бұлай деуге әбден құқылымын. Әрі туысқандарым мен достарым да көшпенді жұрттың ұрпақтары, – дейді жерлесіміз.
Қазақ ұлы! Ел ағасы жасына жеткенше талай қамалды бұзып үлгерді. Әкесі тағдырдың жетегімен Барқытбелдің баурайындағы қараша үйлердің іргесінен ұзап, кейін ұлы Таллинге табан тіреген сәт Азия мен Еуропа мәдениетін арнайы сабақтастырғандай. «Ол қандай қамал?» деген сұрақ та туындайтын шығар. Бұл – рекордтар тізбегі. Кейіпкеріміз осыған дейін Эстонияның намысын қорғаса, биылдан бастап атажұртының абыройын арқалап келеді. Спортқа кездейсоқ келіп, халықаралық додаларға өзі құралпастардан анағұрлым кеш қатысқан азамат 55 жастан асқандар арасында 60, 100, 200 және 400 метр қашықтығында ел рекордын жаңартқан.

 

Ямайканың қара маржаны Усейн Болтты білетін шығарсыздар? 100 метрге жүгіруде алдына қара салдырмаған сақа желаяқ. Валерий Еркешұлының туған күні Усейн өмірге келген датамен тұспа-тұс. Екеуі де тамыздың 21-ші жұлдызында жарық дүние есігін ашыпты. Бұл жерде ямайкалық спортшы мен кейіпкеріміздің жас айырмашылығын назарда ұстайық. Халықаралық аламандарға шыққан жерлесіміздің маңына жиһанның әр нүктесінен достары топталған.

Аустралия, Тринидад және Тобаго, Жапония сынды экзотикалық елдерден бастап мұхит асып жатыр. Бұлшық еттері білеуленген атлетке қарап спортты 50 жасында емес, бозбала күнінде бастаған ба дерсің?! Бір ғана тілегі: «Жеңіл атлетикамен шұғылданушылар Қазақстанда да қаптай түссе екен».
– Жеңіл атлетика – спорттың базалық түрі. Кез келген жаттығу жүгіруден басталады. Сондықтан жүгірудің тереңіне сүңгуді құп көрдім. Оған қоса онымен әрбір адам шұғылдана алады, – деген ойдан үлкен спортты насихатаудың лебі айқын есіп тұр.


Ем-дәмның маңызы ерекше
Сымдай тартылған денесі жай ғана жаттығудың жемісі емес. Өзін ұдайы бабында ұстаудың құпиясы неде жатқандығын сұрадық. Ем-дәм сақтау ең маңыздысы. Алдымен өзіңе қажетті ақуызды қабылдау қажет. Сосын көмірқышқылы мол тағамдарды тұтынудан аулақ болып, майлы ас мәзірінен бас тартқан жөн. Ал соңғысы, ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдарды уақтылы әрі мөлшермен тұтыну. Дәл осы алғышарттарды сақтаған адам уақыт өте келе компот пен тәтті сусындар, бәліштер мен торт түрлерін қабылдаудан іргесін аулақ салады. Қайта майы аз ет пен балық өнімдері, көкөніс пен жидек жеуді әдетке айналдыратын көрінеді. Лағман мен картопты тек жақсылап жаттығу жасаған соң ғана тұтынуға болады.


Айтып-айтпай не керек, инстаграмдағы VALERYZHUMADILOV парақшасына кірсеңіздер бітімі бөлек атлеттің үлкен спорттағы кенді де, кенішті қадамдарына куә боласыздар. Енді елімізге жиі келіп тұрады. Өзінің айтуынша, Алматы мен Өскеменде туысқандары аз емес. Одан бөлек, биылдан бастап тарихи атажұртының туы астында өнер көрсетуі Азия құрлығына үздіксіз келуіне жол ашты. Елімізде Жұмаділов тегі кеңінен танымал. Иә, мұны біз ғана емес Валерий Еркешұлы да біліп отыр. Таллин шаһарында тұрса да көшпенділер тарихынан хабардар.


– Тегіміз бір қазақстандықтарды зерттеп көрдім. Жазушы Қабдеш Жұмаділов пен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Болат Жұмаділов есімдері қанық, – деген Валерий Еркешұлының осы бір сөздері жырақта жүрсе де атажұртына деген сағынышы мен жанашырлығын айқын аңғартты.
Қанында қазақылық қылаң берген қабылан ұлдың өзгелерден бір артықшылығы, тәртіпке келгенде темірдей болуы. Түн түнектің қалың көбесін сөккен пышақ жүзіндей сызаттан сыздықтап шыққан сынық сәуле сәт сайын ұлғайғанда Жұмаділов жерлесіміз жазық далада желдей есіп барады. Мақсат айқын – жүгіруден Азия чемпионатында үздік шығу. Сонда Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанады.


                                                                                                                                                                                   ***
Дем берер жақындары жоқ емес. Жары Светлана сын сағаттар мен сүйінші сәттерде әркез жанынан табылады. Усейн Болттың құрдасы, ұлы Олег тауда велосипед тебу спортына бет бұрса, үлкен қызы Ангелина 10 жылдан бері тенниспен шұғылданып келеді. Тағы бір қызы Диананың ауаны ала допқа ауған, ал жеті жастағы немересі Тимур мәнерлеп сырғаудан бірнеше жарыста олжа салып, бағытын осы бастан айқындаған. Азия мен Еуропаның менталитетін қатар арқалаған отбасыға ұдайы амандық пен игілік серік болғай дейміз!

Әділхан ЕСІМХАНОВ