Әйгілі әншінің құрметіне

314
көрілім

Шырайлы Шығыстың бас шаһарында қазақтың тұғыры биік әншісі Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығы кеңінен аталып өтілді. «Әміре» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Санжар Мәдиев шақырылып, ШҚО Драма театрында қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Бірнеше күнге созылған республикалық фестивальда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 34 әнші өзара бақ сынасты.

Игі шараларды ұйымдастыруға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ШҚО әкімдігі мұрындық болып отыр. Дәл әуелі «Юбилейный» кинотеатрында басты рөлдердегі актерлердің қатысуымен «Әміре» фильмінің көрсетілімі болды. Ал Әміре Қашаубаев атындағы республикалық фестивальдың ашылуы 17 қазан күні «Ертiс концерт» ғимаратында өтті. Күміс көмей әншілер 18-20 қазан аралығында Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінде өз өнерлерін паш етті.

– Ән додасына Астана, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан 34 әнші қатысты. «Тура биде туған жоқ» деген нақылды басшылыққа алып, әншілердің өнеріне баға беруді мақсат еткен әділ қазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық әртісі Қажыбек Бекбосынов, әміретанушы Жарқын Шәкәрім, Бақыт Үдербаева, Толғанбай Сембаев, Гүлмира Сарина, Амангелді Күзеубаев, Ербол Айтбаев секілді дәстүрлі әншілер болды. Байқаудың бас жүлде иегеріне – 1 миллион, 1 орынға – 700 мың, 2 орынға – 500 мың, 3 орынға – 300 мың теңге берілді, – дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің репертуарлық саясат басқармасының басшысы Сәбит Барлыбаев.

Фестиваль қорытындысы бойынша бас жүлдені Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әншісі Асқар Мұқият иеленді. Бірінші орынды Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Бауыржан Нұрмыханов қанжығасына байласа, екінші орынға Батыс Қазақстан облысы, Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының әншісі Ернар Өмірәлі жайғасты. Ал үшінші орынды Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының студенті Диас Мұратхан мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы Біржан Айтахметов марапатталды.

Біздің анықтама

Әміре Қашаубаев (1888 -1934) – қазақтың атақты әншісі. Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының алабында туған. Әміре Қашаубаев 1921-1924 жылдары Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымы «Ес-аймаққа» мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түседі. 1924 жылы Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қали Байжановпен бірге бас жүлдеге ие болады. 1925 жылы Парижде өткен дүниежүзілік сән өнері көрмесіндегі этнографиялық концертте «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос балапан», тағы басқа әндерді орындап екінші орын алып, күміс медаль иемденеді. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикль» журналы Әміре Қашаубаевтың сирек кездесетін талант екенін жазса, Сарбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. Осылайша Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсетіп қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ