Формадағы өзгерістер

370
көрілім

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов еліміздегі полицейлердің формасы қалай өзгеретінін айтып берді, - деп хабарлайды газет тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

ІІМ басшысы полицейлердің қазір киіп жүрген формасының жұмыста тым ыңғайсыз екенін айтып өтті. "Біздің форма көбіне кеңсе қызметкерлерінің формасы сияқты. Бізге далада жүргенде ыңғайлы болатын форма керек. Бірыңғай болуы керек, климат жағдайымыз да әр түрлі. Қазір осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз", - деді министр.

Оның айтуынша, полицейлерде енді жеңіл бас киім болады.

Еске сала кетейік, осыған дейін қазақстандық полицейлерде жаңа форма болатыны жайлы хабарланған болатын. ІІМ өкілдері полицейлердің қазіргі формасының ыңғайсыз әрі заманауи талаптарға сәйкес еместігін мәлімдеген еді.

Әлеуметтік желі қолданушылары өз кезегінде полицейлердің жаңа формасының суреттерін таратқан болатын. Алайда ІІМ өкілдері қандай да бір нақты прототип жайлы айтудың ерте екенін, әзірше нұсқалардың қарастырылып жатқанын хабарлаған еді.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ