Глубокое ауданы Опытное поле ауылында жарықтандыру жұмысы қолға алынбақ

471
көрілім

Бұқара.кз сайтына Глубокое ауданы Опытное поле ауылының тұрғыны хабарласып, әлеуметтік көмір жеткізілмей, көпқабатты үйлердің пеш арқылы жылытылып, көшелерде жарықтың жоқтығын айтқан еді. Осы орайда аудан әкімдігіне жіберілген сұрухат жауабы негізінде сайт тілшісі мәселенің мән-жайына үңіліп, мақала жазған болатын. Мәлім болғандай, тұрғындар өтініші жерде қалмай, ауылда абаттандыру жұмыстары қолға алынған екен.

Аталған ауыл тұрғындарының айтар назы аз емес еді. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, Опытное поле ауылындағылар бірігіп, белсенді топ құрған. Жоғарыда аталған түйткілдерді тізе қосып шешуге белді бекем буса керек. Тамара Дугина есімді зейнеткер көпқабатты үйлерге отын-көмір тасимыз деп жұрттың әдбен титықтап біткенін жеткізген-ді. Ал көшедегі жарық мәселесі сөз болғанда тұрғындар бірауыздан аудан әкімдігіндегілер өз жұмыстарына атүсті қарап отырғандықтарын жеткізді. Айтуларынша, орталық көшеден өзге жерлерде кешқұрым жаяу жүрудің өзі мұң. Балалар үшін тіптен қауіпті. Осы орайда аудан әкімдігі сылбырлық танытқандай еді бастапқыда. Десе де араға аз уақыт салып, ауылда бірқатар өзгерістердің орын алып жатқандығы белгілі болды.

– Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтың сөзіне сенсек, ауылымыз 2019 жылы бөлінетін бюджет есебіне қосылып, жауапты мамандар арнайы аралап, барлық үйлерді тегіс жылытатын қазандық қойылмақ. Басшылық тендер ойнатылғаннан кейін жарықтандыру мәселесіне ден қоятындарын алға тартты. Құбырлар мен жол жөндеу жұмыстары да қолға алынады деген сенімдеміз, – дейді қоғам белсендісі.

Ал өзге тұрғындар кей көшелерде жарықтандыруға, абаттандыруға байланысты орындар даярланып жатқандығын жеткізді. Естеріңізде болса, аудан әкімі Қалихан Байғонысов сұраухатқа берген жауабында «Опытное поле ауылына 2018 жылы абаттандыру бағдарламасына сәйкес Центральная, Нагорная және Дачная көшелерінде балалар ойын алаңы жабдықталды. Ал бүгінгі күнге дейін ауылдағы саябақ, сәулет нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде» деп жазған еді. Одан бөлек, ауылды магистральді орталықтандырылған жылуға қосу мәселесі бақылауда тұр деген. Ендеше әкімнің айтқан сөзі мен ісінің қабыса бастағандығын байқауға болады. Анығы сол, биыл Опытное поле ауылына әлеуметтік көмір жеткізілмейді. Басты себеп – уақытша қызметтік үйлерде пешпен жылытылатын барак үлгісіндегі үйлер салынғандығынан-мыс.

– «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, күз басталмай тұрып өзекті мәселенің оңтайлы жолмен шешілетіндігіне тілеулес едік. Мазамыз қашып, машақат тартып отырған мәселелерді облыс әкімдігіне дейін айттық. Әйтеуір басшылық тарапы, аудан әкімдігі ертелі-кеш іске кірісті. Қарасуық басталмай тұрып, жұртшылық көпті толғандырған жылыту мәселесін оңтайландырып алса құба-құп болар еді, – дейді ауыл тұрғыны Алтынбек Асқаров (аты-жөні өзгертілген).

Әділхан ЕСІМХАНОВ