Глубокое ауданында күйеуі әйелін пышақтап тастаған

464
көрілім

Қызғаныш – махаббаттың дәмін келтіретін тұз. Алайда сүйіктіңді шектен тыс қызғану керісінше, кесірін тигізуі мүмкін. Бұны Глубокое ауданы Черемшанка ауылында тұратын ерлі-зайыптылар тіптен түсінеді…

Тұрақты жұмыс орны жоқ Андрей Михалков (аты-жөндері толықтай өзгертілген) дүйсенбіде күні бойы үйде жатты. Әйелі Людмила шаруаларымен түс кезінде көшеге шығып кетіп сағат 17.00-дер шамасында Лесная көшесіндегі үйлеріне қайтып оралған. Қолында бір шөлмек арағы бар. Ас бөлмесіне жайғасқан екеуі ащы судан ұрттап әңгіме-дүкен құрады. Жап-жақсы отырғандай еді. Бірақ ішімдік бар жерде береке бола ма? Масая бастаған ер адам жұбайына:

– Күні бойы үйде отырмайсың. Қайда, кіммен, не істеп жүргеніңді ит біле ме? Әлде басқа біреуің бар ма? – деп шүйліккен.

– Қайдағыны айтпашы, – дейді Людмила.

Санасы сан саққа жүгірген Андрей қызғаныштан өртеніп кете жаздады. Зайыбын басқа біреудің құшағында елестеткенде қаны басына шапшып қолына қалай пышақ алғанын білмей де қалды…

Сол жақ кеуде тұсынан жараланған әйел ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің дер кезінде медициналық көмек көрсетуінің нәтижесінде жәбірленуші аман қалды.

Осыған байланысты сот ісі Глубокое аудандық сотында қаралған. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындады. Ал Людмила болса күйеуін кешіретіндігін айтып, судьядан оны бас бостандығынан айырмауды өтінді.

– Негізі Андрейдің жаман мінезі жоқ. Екі жарты бір бүтін болып қосылып, бір шаңырақтың астында тұрып келе жатқанымызға 13 жыл болды. Осыған дейін бір де бір рет маған қол көтеріп көрген емес. Сондықтан оған қатаң жаза тағайындамауларыңызды сұраймын, – деді сот отырысында сөз алған келіншек.

Сот үкімі бойынша Андрей Михалков Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталушы 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Асқар ТҰМАРБЕК