Глубокое ауданында жер үйден екі мылтықты ұрлап кеткен павлодарлық ұсталды

62
көрілім

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының тұрғыны жер үйге түсіп, екі атыс қаруын, 1,6 млн теңгелік алтын бұйымдар мен құндыз тонды жымқырып кеткен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 33 жастағы Павлодар облысының тұрғыны Өскемен қаласындағы танысының үйіне қонаққа келген. Ер адам жергілікті базарлардың бірінен тауар алып жүрген кәсіпкер ерлі-зайыптыларды байқап қалады. Олардың соңынан аңдып, Глубокое ауданындағы үйлерінің мекенжайын анықтап алған.
- Өз әрекетін бүге-шүгесіне дейін жоспарлаған ер адам ерлі-зайыптылар үйден шығып кеткен соң есік құлпын бұзып, ішке кірген. Бөлмелерді тіміскілеп, 1,6 млн теңгеге бағаланған алтын бұйымдар мен құндыз тонды ұрлайды. Сондай-ақ ол қару-жарақ сейфінен 12 калибрлі «ИЖ-27» және «ИЖ-54» мылтықтарын жымқырып кеткен, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары күдіктіні көп ұзамай қолға түсірді. Өз кінәсін толықтай мойындаған павлодарлық уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық Кодексінің 291-бабы1-бөлігі және 188-бабы 1-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.