I топтағы күршімдік мүгедек қыз Жұлдыз Базилова баспанаға зәру

3234
көрілім

Әдетте басына іс түсіп, өлшеулі өмірін талайсыз тағдыр тапалай түскенде талай жанның сағы сынып, салы суға кетіп жатады. Кім біледі, бәлкім етек-жеңін жинап, соңғы айқас алдында еңсесін тіктеп, бір серпіліп алса өмірдің арыны қатты ағысына қарсы жүзіп көруге болар ма еді? Әдетте деп сөз бастауымыз жайдан жай емес. Себебі бұл мақалада мүмкіндігінің шектеулі болуы құрған жоспарына кесекөлденең тұрған кедергі болса да сабырын желкен етіп, бір мезет те артқа шегінуді ойына алмаған жерлесіміз жайлы жазылады. Қыз балаға тән нәзіктігінен бұрын көпшілік бойынан табыла бермейтін қайсарлық, өжеттік қасиеттері осы күнге дейін үмітін ескек етіп, әр таңын үмітпен атыруына себеп болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жабырқатқан жазбалар

Көгілдір экраннан, қазіргі қоғамда өзіндік танымалдылыққа ие әлеуметтік желілерден ем-домына, ота жасатуға қаражат жинап, қайырымдылық шараларына қатысуға шақыратын бейнежазбалар лек-легімен таралуда. Күршім ауданы Үшбұлақ ауылының тумасы Жұлдыз Базилова да арбаға таңылып, қалтарыс-бұлтарысы мол өмірінде өзгелерден қолұшын беруін сұрап, баршасына бұйымтайын жария етсе, қол жеткізе алмаған қаражатты тез арада жинап үлгерер ме еді? Алайда өзіне тән өжеттілігі тұқыртқан тағдырға шыдас беріп, ешкімнен алақан жайып көмек сұрамауға үйреткендей.

– Көңіл-күйімді түсіріп, біртүрлі абыржып қалдым, – деп бастады осыдан екі жыл бұрын Өскеменге келіп тұрақтаған Жұлдыз. – Негізі менің ағам мылқау емес, тек сөйлеген кезде кей сөздерге тілі келмей қалады. Әлде мені дұрыс түсінбей қалды ма екен олар… Бұрындары көз тиген болатын. Не де болса берілген ақпарат дұрыс жазылмады.

Сөз басында Жұлдыздың бұлай деуін сәл түсінбей қалдық. Сөйтсе осыған дейін оның жағдайына үңіліп, көмек қолын созғысы келген атымтай жомарттар ағасы Талғат жайлы бұрыс мәлімет беріп, ақты қара деп түсінген екен. Осылай деп өткенге бір көз жүгірткен күршімдік ару балалық шағынан әңгіме өрбітіп, басына түскен мехнат пен ауыртпалық жайлы суыртпақтап сөз ете бастады.

– Өмірге келген күннен бастап апамның қолында өстім. Әлі де сол кісінің тәрбиесіндемін. Шынымды айтсам, кішкентай кезімнен өсіріп-жеткізген әжем еді. Үшбұлақ бұрынғы Пугачев ауылы. Ол жақта 2004 жылға дейін тұрып, сосын Алтай ауданының Тұрғысын ауылына (ол кезде Зырян ауданы) қоныс аудардық. Жағдайымыз жөнді болмағандықтан анам Өскеменге келіп жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрді. Жас күнінде автобуста кондуктор болып істеді. Өзі полиартрит, яғни буындары сырқырайтын. Басымызда баспана да жоқ-тын. Ағам мен апам бар мейірін төгіп, есейгенше бағып қақты, – дейді Жұлдыз.

Әжесі аянып қалмады

Бұдан кейін жаратылысы өзгелерден бөлек, нәзік жанды болса да бойына біткен табандылығы ешкімге есе жібермеуге негіз болған бұрымдыны Алтай ауданында ұстаздар оқытуға ниет танытқан. Өзгелерден дейтініміз, Жұлдыздың дене бітімі тым кішкентай, көпшілік арасында бірден назар аудартады. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Туа сала тағдыр I-топтағы мүгедектікпен сынап, небір ауыртпалықты артқан екен. Шыр етіп өмірге келгеннен шалт қимыл жасаса-ақ сүйектері шытынап, уақыт өте келе онысы морт сына бастады. Сонда нағашы апасы Марат апа тастың майын ішкізіп, сүйек қатайсын деп қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бұрынғыдай үгітіліп, морт сынуы азайғанын байқай бастаған Жұлдыз кейде шыдамай оқыс қимылдап қалады. Сонда құрғақ сүйегі қайта сынып кетеді. Бұдан кейін халық емінен хабары бар Марат апа тумысынан тағдыр сынағына тап болған немересіне ошаған тартып, тастын майын жағып бастапқыдай емес, сүйегін қатайда білді. Осы аралықта Жұлдыз Тұрғысын ауылында 9-шы сыныпқа дейін білім алып, белгілі себепке байланысты оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмайды.

Жұлдыз ағасы Талғатпен

Кейіпкеріміз кірпік емдейді

Арбаға таңылған қылдырықтай қыздың салмағы қазір небәрі 26 келі. Әсте күлетін жайт емес. Қайта өзінің айтуынша, осы салмақты ұстап тұру маңызды. Әйтпегенде жүріп-тұруы қиындай түседі. Өзі тұрып жатқан жатақхананың бесінші қабатына көтерілер кезде жеделсатыға жүгінсе, ол істен шықса ағасы Талғат білек күшін бойына жинап, Жұлдызды қолына алады. Осы уақытта жалдап тұрып жатқан пәтерде қанша тұрақтап қалары белгісіз, дегенмен түптің-түбі бір баспананың болғаны қажет-ақ. Сонысына қарамай қоғамға масыл болайын деген Жұлдыз жоқ. Танысқаннан бері жігерлі сөздерімен жабырқау жанына медеу болған Қырмызы құрбысын айта кеткен артық болмас. Өзі қазір Алматыда тұрады. Әу баста заманауи арба сатып алу үшін құрбысына қор ашуды бастап берген еді. Бала күнінде, бойжеткен кезінде өмірөзенде бірқалыпты ағып келсе, енді өзгерістер жасауға асық. Табиғатынан ерік-жігері еңбекке жетелеп тұратын қайтпас мінезі қазір бір істің шетін бастауға түрткі болды. «Естімеген елде көп» деген осы шығар. Жұлдыз әлеуметтік желі арқылы клиент жинап, солардың кірпігін емдейді. Алдымен соның оқуын оқып, қолдарын икемге келтіру үшін жаттығулар жасап, әзірлік жүргізді. Ауылда әжесінің жанында жүргенде клиенттер жинап, қалаға келген бойда санаулы күндер ішінде өз қызметін көрсетеді. Тіпті көрсеткен қызметіне көңілі тоқ клиенттерден түскен қаражаттың бір бөлігін анасы Салтанат апаймен бөлісуге асық.

Жоғарыда баспана дедік қой. Кейіпкеріміздің санаулы күндерде уақыт ағысына қарай қимылдап, жанталасуы сол баспананың жоқтығынан. Жанашырлық танытып, сүрінгенге сүйеу болған таныстары арқылы тұрып жатқан пәтерақысын мерзімінен кешіктірмей төлеу оңай емес. Сол себепті жұмысын біржақты еткен бойда Тұрғысынға қайтады.

– Екортада келіп-кетіп жүргендіктен пәтер ақысын төлеуде онша қиналыңқырамаймыз. Одан бөлек, әжем жалғыз тұрады ауылда. Оны тастап кете алмаймыз. Қарт адамға Талғат ағамның көмегінсіз болмайды. Ауылдан азық-түлігімізді, күнделікті жеңсік тағамдар мен қажет өнімдерімізді ала келеміз, – деген Жұлдыз пәтерге ай сайынғы түсетін жәрдемақыдан төлеп келе жатқандығын жеткізді.

«Бере қоятын пәтер жоқ»

Ешкімнен алақан жайып жәрдем сұрамай, сабыр таяғын таянған Жұлдыз билік басындағылардан бір жеңілдік боларына сенімін жоғалтпады. Бір есептен жекебас жағдайына қарай I топтағы мүгедектің басы бос баспанаға ие болуы заңдылық. «Үйімнің болуын армандаймын» деген қылықты қыздың сөзінен осыған дейін жауапты тұлғалардың табалдырығын тоздырғанын аңғардық. Айтуынша, 2018 жылы тұрғылықты мекенжайы бойынша Өскеменге тіркеліп, сол жылы баспана кезегіне тұрған. Мұны қала әкімдігі де растады. Дегенмен жұмыстарына үстірт қараған қабылдау бөліміндегілер берілген мәліметті қате түсініп, I-ші емес II топ мүгедегі деп жазған.

– «Тумысынан арбаға таңылған адам қалай II топ мүгедегі болады?» деген наразылығымды жасыра алмадым. Бұдан соң қала әкімі Жақсылық Омар тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Фархад Жилибаевқа жіберді. «Жағдайыңды осы кісіге айтсаң қолұшын береді» деп сендірді. Десе де ол кейін WhatsAp желісінде жөнді жауап бермейтінді шығарды, – дейді Жұлдыз.

Осылайша «сізге өзім хабарласамын» деп үміт берген бөлім басшысы көл жағасында қамысқа кіріп жоқ болып кеткендей, ұшты-күйлі жоғалды. Билік басындағыларға деген сеніміне селкеу түсе бастаған кейіпкеріміздің мазасы қашты. Көңілі кірледі. Кезекті бір күні ағасы Талғат арбадағы қарындасын сүйемелдеп алдын ала жазылусыз қала әкімдігігне қайта келеді. Фархад Жилибаев жиналыста екен. Белгілі бір уақыттан соң шығып, қасындағы көмекшісімен Жұлдыздың арыз-шағымына аз-кем құлақ түреді. Мән-жайды естіген соң «Сен сияқты адамдар көп. Бәрі де пәтер алғысы келеді. Бірақ бере қоятын баспана жоқ» деп тоқетерін айтты.

– Сіздерден тегін пәтер сұрап отырған жоқпын. Білуімше, I-топтағы мүгедектерге айына 5000 теңге төлеп тұруға болатын тұрғын үй жалға беріледі екен. Соны түсіндіріп бақтым. Өзіме тиесілі жәрдемақы мөлшеріне қарай берсеңіздер, төлеп тұруға дайын екендігімді жеткіздім, – дейді кейіпкеріміз.

«Кезек келмейінше...»

Жуырда анасы Салтанат апай қалалық тұрғын үй инспекциясына баспана кезегін білу үшін барыпты. Ол кісі ауылға кеткенде қабылдау бөлімінен хабарласып келуін сұраған. Орнына Жұлдыз барды. «Жүзіңіз таныс, бұрын да келген сияқтысыз ғой» депті ондағылар. Сондағы шығарыпсалма айтқандары «Қазір пәтер көптеп бөлінуде, алайда кезек келмейінше ала алмайсыз» деген жауап. Бұдан соң облыс әкімдігінің қабылдауына жазылады. Анық-қанығын білейін десе ол жақтағылар «Кезекте тұрсыз ба, онда күтіңіз!» деп телефонды қоя салған. Сабыр суы сарқылған күршімдік бұрымды облыс әкімдігіне барады. Арбасын сүйреп, қарындасының арқасүйер ағасы атанған Талғат бірге жүреді. Сол уақытта кезекті жиналыстан шығып келе жатқан Жақсылық Омар, Фархад Жилибаев бастаған шенділер қарсы алдында арбада қасқайып отырған Жұлдызды көріп бір сәт сілтідей тына қалған. Таныса да танымағансып өтуді жөн көрді олар сол сәтте. Жалпы кейіпкеріміздің баспана кезегі жайлы қала әкімдігі не дейді?

– Базилова Жұлдыз баспана кезегінің тізімінде 2018 жылдың тамыз айынан бастап I және II топтағы мүгедектер санаты бойынша тіркелген, қазіргі уақытта оның кезегі №2708. Тұрғын үйді қолданыстағы кезекке сәйкес бөлу үшін мүмкіндігі болған кезде беріледі, – деді қала әкімінің орынбасары Тамара Рахимжанова.

Бірден қабылдауға түсініксіз болса да әкімдіктің берген жауабы осындай. Сұраухат жауабына толықтай үңілсек, қатеден көз сүрінеді. Әйтсе де әкімдіктегілердің мәтіннен жіберген әріп қатесі емес, Жұлдыздың жағдайы маңызды. Бір сәт қасынан кетпейтін ағасы Талғат Зарлыханұлы да II топтағы мүгедек. Жоғарыда анасының да полиартрит салдарынан буындары сырқырайтынын сөз еттік. Әр нәрсенің кезең кезеңімен орындалатыны бесенеден белгілі. Десе де жыл сайын жоғары қарқынмен бой көтеріп жатқан үйлерден мұңлық жандарға тым болмағанда бір бөлме бөлінбей отырғандығы көңілге қонымсыз әрине. Мүмкіндігі шектеулі болса да Жұлдыздың еңбекке деген икемі мен тағдыр тәлкегіне қайыспай қарсы тұра білгендігі өмірдің сынағына мойымайтындығын дәлелдей түскендей. Қоғамда мұндай жандар сирек деп білеміз. Белгілі жазушы Рахымжан Отарбаевтың бір әңгімесінде «Қайран теңіз, балығың кетіп бақаң қалды...» деген тіркес бар. Осындайда шарасыздық танытқан шенеуніктердің қылығы осыны еске түсіргендей.

Әділхан ЕСІМХАНОВ