Игерілмеген қаржы көп

581
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында 2018 жылдың 1 жартыжылдығында республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың 416,6 млн теңгесі игерілмей қалған. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен жұмылдырылған қаражатты мақсатқа жарата алмаған аудан әкімдіктері де баршылық.

Бұл жайлы ШҚО әкімдігінде өткен отырыс барысында облыстық Қаржы басқармасының басшысы Ләзиза Кенжетаева мәлімдеді.

– Жергілікті бюджеттің 346 млн теңгесі игерілмеген, – дейді ол, – Оның ішінде аудан-қала әкімдері 269 млн теңгені кәдеге жарата алмаған. Мысалы, Бесқарағай ауданы көпқабатты тұрғын үй, жатақхана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға бөлінген 12 млн теңгені, Аягөз ауданы елді мекендерге ғаламтор тартуға белгіленген 1,5 млн теңгені, Күршім ауданы ғаламтор тарту мен компьютер сатып алуға берілген 1,7 млн теңгені игере алмады.

Оның айтуынша, Катонқарағай, Шемонаиха, Бородулиха, Ұлан және Көкпекті ауданы әкімдіктерінде де қолданылмаған қаражат бар. Сондай-ақ, бөлінген бюджеттің біршама бөлігін жұмсамаған облыстық басқармалар жоқ емес.

– Басқармалардың ішінде игермегендер – энергетика және коммуналдық шаруашылық, туризм және сыртқы байланыстар, білім, денешынықтыру және спорт, табиғат және табиғат пайдалануды реттеу, кәсіпкерлік басқармалары. Жыл соңына дейін бөлінген бюджет қаржысының толықтай игерілуін бақылауға аламыз. Жалпы 2018 жылға бөлінген қаражаттың негізгі бөлігі тиісті мақсатқа жұмылдырылған, – дейді Ләзиза Кенжетаева.

Асқар ТҰМАРБЕК