Індеттен іргеңді аулақ ұста

343
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында адамның иммун тапшылығы вирусына (ВИЧ) шалдыққан 3 881 адам бар. Ал жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы деңгейінде (СПИД) 179 тұрғын тіркелген. Жыл сайын өңірімізде бұл аурулардың алдын алу үшін бірқатар шаралар қолға алынуда. Бұл жайлы ШҚО ЖИТС алдын алу және күрес жөніндегі орталығының бас дәрігері Марина Жеголко баспасөз брифингі барысында айтып берді.

1 желтоқсан – Дүниежүзілік жұқтырылған иммун тапшылығының синдромына қарсы күрес күні. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта жер бетінде адамның иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін жандардың саны 35 миллионнан асқан. Африканың Сахарадан кейінгі оңтүстік бөлігінде осы індетке шалдыққандар көптеп кездеседі.

– Қазақстанда 2018 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша АИТВ жұқпасын 34 952 адам жұқтұрған. Халық арасындағы инфекцияның деңгейі 0,2%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш Орта Азияның басқа елдерімен салыстырғанда айтарлықтай төмен, – дейді ШҚО Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының алдын алу және білім беру бағдарламалары бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Батырханова.

Шығыс Қазақстан облысында АИТВ індетімен ауыратындардың жалпы саны – 3881 адам. Оның ішінде ЖИТС кезеңінде – 179 адам тіркеліп отыр. Осы ауруларды жұқтырғандар көбінесе 20-39 жас аралығындағы жастар. Жұмыс істемейтіндердің үлесі – 67,9%.

– Тәжірибе көрсетіп тұрғандай, АИТВ-мен өмір сүретіндердің біршамасы өздерінің инфекция жұқтырып алғандарын білмейді. Сондықтан біз жыл сайын жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Осы ретте, айта кету керек кейбіреулер АИТВ мен ЖИТС-ке тексерілу ақылы деп ойлайды. Естеріңізде болсын, кез келген медициналық мекемеде осы індеттерге байланысты анализдер өткізу тегін түрде жүргізіледі, – дейді ШҚО ЖИТС алдын алу және күрес жөніндегі орталығының бас дәрігері Марина Жеголко.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосуретті түсірген автор