Инженер-гуманист – қазіргі заман талабы

2405
көрілім

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «Инженер-гуманист – қазіргі заман талабы» атты республикалық пәндік студенттік олимпиадасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қазан айының 20-25 аралығында техникалық бейіндегі және техникалық мамандықтар бойынша оқып жүрген ЖОО командалары бақтарын сынап, кіл мықтыдан кім мықты екенін анықтады. Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды қалаларынан ұзын-ырғасы 20-ға жуық команда жарыс жолына шықты.

Онлайн форматта өткен бірінші тур -  «Инженер-гуманист – маман, тұлға, азамат» бейнероликтер/бейнепрезентациялар конкурсынан cүрінбей өткен 7 құрама бүгін оффлайн түрде кездесті. Екінші турда командалар сәлемдесуін көрсетіп, сарапшылардың сұрақтарына жауап беруге тырысты. Ал үшінші тур аясында қатысушылар берілген тақырыптар бойынша жобаларды қорғады.

Сайысқа түскен командаларды қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ ғылыми орталығының басшысы Манарбек Қылышқанов,  ШҚО ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков, ШҚ облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының экспозициялық-көрме жұмысы бойынша директордың орынбасары Евгения Рахматуллина, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ- дың әлеуметтік-мәдени қызмет және жастар саясаты басқармасы басшысының м.а. Гүлнар Жанабаева, машина жасау мектебінің докторанты Бекболат Молдаханов болды.

 - Біздің қоғамда техникалық мамандықтарда оқитын студенттер сөзге шорқақ, ойларын жеткізуде қиындыққа ұшырайды деген ой қалыптасқан. Бүгінгі олимпиада қатысушылары бұл мифті жоққа шығарды десем артық айтпаймын. Жақсы дайындықпен келді. Ойларын еркін жеткізіп, өздерін сахнада жақсы ұстады, - деді қазылар алқасының мүшесі Еркебұлан Балтабеков.

Бұдан соң «Инженер-гуманист – қазіргі заман талабы» пәндік студенттік олимпиада қорытындысы бойынша үшінші орын Торайғыров университетінен келген «Toraighyrov University» командасына бұйырды. Екінші орынды Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Happy generation» иеленсе, бірінші орынды Шәкәрім атындағы университетінің «Дарынды инженер» командасы қанжығалады.

- Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мұндай ауқымды іс-шараны гуманитарлық білім және дене шынықтыру факультетінің  «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасы ұйымдастырды. Олимпиадаға қатысқан барлық командаларға алғыс айтып, жеңімпаздарды құттықтаймыз! - дейді ұйымдастырушылар.