Ішімдікке әуес жүргізуші көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойы айырылуы мүмкін

785
көрілім
Шартты фотосурет

Қаңтар айының 19-ы күні кешкі сағат 19:40 шамасында 3 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған Өскемен қаласының 36 жастағы тұрғыны мас күйінде Hyundai Solaris маркалы автомобильді басқару кезінде Өскемен қаласының қ. Сәтпаев даңғылы мен Байбатшин көшесінің қиылысында рөлді басқара алмай, Nissan cefiro маркалы автокөлікпен соқтығысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 346-бабының 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру).

- Hyundai Solaris автокөлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бірқатар сот сараптамалары тағайындалып, соның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Аталған қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру және көлік құралын жүргізу құқығынан өмір бойына айыру көзделген.

ШҚО Полиция департаментіндегілердің мәліметінше, қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

– Айта кету керек, 2021 жылдың өткен кезеңінде Полиция департаментінің аумақтық бөлімшелерінде сотқа дейінгі іс жүргізу шеңберінде көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және мас күйінде көлік құралын басқарудың 5 фактісі тіркелген, – делінген мәліметте.