Іссапарда бір күннен аз болған жұмыскерлерге тәуліктік төлем төлене ме?

188
көрілім

Жұмыспен басқа өңірлерге жиі іс-сапарға шығып тұрамын. Алайда кей кездері қонбай, қайтып келетініміз бар. Іссапарда бір тәуліктен аз болған жұмыскерлерге тәуліктік төлем төлене ме?

Сандуғаш, тұрақты оқырман

Бұл сауалдың жауабы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың ресми блогында жария етілген:

– ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 1-бабына сәйкес іссапар – жұмыс берушінің өкімі бойынша жұмыскерді тұрақты жұмыс орнынан тыс жерге белгілі бір мерзімге еңбек міндеттерін орындау үшін жіберу, сондай-ақ жұмыскерді басқа жерге оқуға, біліктілігін арттыруға немесе қайта даярлауға жіберу.

Кодекстің 127-бабына сәйкес іссапар уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) мен іссапар күндеріне келетін жұмыс күндері үшін жалақысы сақталады.

Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлерге:

1) іссапарда болған күнтізбелік күндері үшін, оның ішінде жолдағы уақыты үшін тәуліктік төлемдер;

2) баратын жеріне дейінгі және кері қайтқандағы жол жүру шығындары;

3) тұрғын үй-жайды жалға алу шығындары төленеді.

Демек іссапарда бір тәуліктен аз болған жұмыскерге де тәуліктік төлем төленуі тиіс.