Ит таластыру турнирі төбет тұқымын жақсартудың әдісі ме?

683
көрілім

Соңғы кездері ит таластыру турнирлері дәстүрге айналғандай. Елімізде жаңа қарқын алған мәселеде біреулер иттің дені дұрыс, ерік күші мықты төлін алуды мақсат тұтса, енді біреулері табыс табуды көздейді. Дегенмен, көрер көз бен естір құлаққа түрпідей тиетін бұл мәселенің басты мақсаты қазақы төбеттің тұқымын жақсартып, мал мен жанға қырғидай тиетін қасқыр мен қарақшыны қыр асыру. Жалпы ит таластыруға өңірімізде рұқсат жоқ. Десек те, халық бұл өнерден алыстап кеткен емес. Осыған орай, мәселеге тереңірек үңілуді жөн көрген газет тілшісі осы салада көп жыл жұмыс істеген маманның пікіріне құлақ түрді…

Қазақтың ежелден бұл иттің тұқымын қастерлеп Төбет деп атауы да тегін емес. Төбе басынан төрт түлікті күні-түні күзететін жеті қазынаның бірі бір кезде құрып кетудің алдында ғана қалғаны жасырын емес. Дегенмен, бүгінде халық болып жұмылып қайтадан қолға алған шара жемісін беріп, төбет саны көбейе бастады. Жан-жақтан жиналған төбет өсірушілер қоғамдық бірлестік құрып, таза тұқымды төл алуды қолға алды.

Елімізде «Бөрібасарлардың күрескерлік қасиеттерін сынақтан өткізу» атымен белгілі болған ит таластыратын турнирлер бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келеді. Әлеуметтік желілерді кеңінен шарлаған әртүрлі бейнетүсірілімдер осының дәлелі десек – артық айтпаған болармыз. Аталмыш турнирлерде ортаазиялық алабайлар таластырылып, басым түскені көпшіліктің көзайымына айналады. Сырт қараған адам мұны ит төбелестіріп табыс табуды көздегендердің ісі деп ойлауы мүмкін…

Тыйым салынған ба?

Біз зооқорғау ұйымдарына жүгініп, осындай шаралардың заңдылығы жайын сұрастырып көрдік.

Әр өңірдің үй жануарларын ұстау және серуендету ережелері бар. Егер тыйым салынғандардың қатарында ит төбелестіру көрсетілсе оларды төбелестіру сіздің өңіріңізде заңсыз деп саналады, – деп хабарлады «KARE-Забота» қазақстандық жануарларды қорғау қоғамдық қорының төрайымы Юлия Коваленко.

Газет тілшісі ШҚО елді-мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидаларына үңіліп көрді. Оның №2 «Иттер мен мысықтарды ұстау шарттары» бөлімінде жануарларға қатыгездік танытатын ит төбелесі мен басқа да шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынғаны көрсетілген.

Дегенмен, тәртіп сақшылары мұндай сайыстардың құқықтық мағынасының біржақты еместігін алға тартады.

Қазақстан Республикасында иттердің қатысуымен турнирлер өткізуге рұқсат берілмеген, сондай-ақ оған тыйым да жоқ, – деп хабарлады ШҚО ІІД. – Ұйымдастырушылар мұндай турнирлердің таза зоотехникалық шара екенін айтып, оны өткізу барысында жануарлардың жарақат алып қалмауын ит өсірушілер қадағалайтынын алға тартады. Егер ит өліп кетсе немесе кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің көз алдында айтақталса «жануарларға қатыгездікпен қарау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Қазір мұндай шаралардың ұйымдастырушылары мен қатысушыларын жауапкершілікке тартуға негіз жоқ.

Құқық қорғаушылар да осындай пікірде.

Егер заңсыз ойындар аясында жануар зардап шексе немесе өліп қалса бірнеше қылмыстық іс қозғауға болады. Оның негізіне бұзақылықты, яғни қоғамдық тәртіпті бұзуды, біреудің мүлкін қиратуды алуға болады. Бұл жерде біреудің мүлкіне ит жатады (заңда итке нақты осындай құқықтық мәртебесі берілген). Бірақ мүлкі қирап, жапа шеккен тарап болмаса іс те болмайды, – дейді заңгер Алексей Божков. – Жануарға қатыгездікпен қарау фактісіне иттің жаралануы немесе өліп қалуы жатады. Сонымен қатар заңда бұл бұзақылық немесе садистік әдістермен қосарланып, не болмаса жасөспірімдердің көз алдында істелсе ғана деп көрсетілген.

Төбел төбеттің «төлін» алу үшін…

Аталмыш сұрақ бойынша біз осы салада көп жылдық еңбегі бар маманың пікіріне құлақ асып көрдік.

Әрине, ит төбелестіру құпталмайтын шара, – дейді атын атамауды жөн көрген маман. – Жануарды ақша үшін бір-біріне айтақтап, жапа шектіруге өз басым қарсымын. Бұл біріншіден, заңмен тыйым салынған нәрсе болса, екіншіден моральдық тұрғыдан жағымсыз әрекет болып саналады. Ит асыраған кезде қандай мақсат тұтамыз. Оның үй күзетіп, отбасы мүшелерін қорғап, мал қайырғанын қалаймыз. Дегенмен, бұл мәселенің екінші қыры бар. Шығыс пен солтүстік аймақтарда ит төбелестіру соңғы он жылдың көлемінде ғана бас көрсете бастады. Көбіне жастар әртүрлі иттердің тұқымдарын ортаға салып бір-біріне айтақтап төбелестіреді. Кейін бұл іс бір тәртіпке келтірілді. Осы мәселеге арналған қоғамдық қозғалыс құрылып, министрлік деңгейінде «Бөрібасарлардың күрескерлік қасиеттерін сынақтан өткізу» деген атпен ұлттық спорт түрі ретінде бекіді.

Маманның айтуынша, мыңдаған жылдар бойы көшпенді халықтың мал-жанын күзеткен төбет жайы зерттелмей, тұқымы құрудың аз-ақ алдында қалған көрінеді.

ХХ ғасырдың отызыншы жылдары бұл мәселе соңғы рет зерттелді десек жалған айтпаған болармын, – деп қосты ол. – Алматының түбінде ит асырайтын үлкен тәлімбақ болған. Ауыл шаруашылығы министрлігінде бағдарлама жасалып, мәселе 1936-38 жылдары мықтап қолға алынған еді. Жан-жақтан әкелінген төбеттердің ірісі таңдалып, олардан күшік алынып, малшыларға таратылды. Кейін мұның еш нәтиже бермейтін іс екені анықталды. Иттің ірілігінің мал күзетуде еш пайдасының жоқ екені анық болды. Осы кезде селекциялық жұмыстар жүргізіліп, ит тұқымдарының көрмелері ұйымдастырыла бастады. Белгілі бір стандарттар белгіленіп, көз сүйсінер ит тұқымдары алынды. Төбеттің нағыз таза тұқымына қол жеткіздік деген олар оның күшіктерін қойшыларға таратты. Артынша оның жасқаншақ екені анықталды. Қасқырдың ұлыған дауысын естіген ол құйрығын екі аяғының ортасына қысып, қойшының етегіне тығылды. Осы кезде екі төбетті бір-біріне айтақтап, таластыру қолға алынды. Үлкен мерекелік шараларда, тойларда бас қосқан қазақтар иттерін өздерімен ала келіп, төбелестіруді дәстүрге айналдырды. Төбеттің бойынан тестостерон бөлінеді. Бұл ата-тектен ген арқылы берілетін қасиет. Көшпенді халықтар мұны ертеден-ақ байқап, күші басым иттен тұқым алуға тырысқан. Сондай-ақ ит таластыруға тек еркек иттер ғана жіберіледі. Төбеттің жеңгенінен күшік алынды. Күзетуге арналған төбет радиусы 2 шақырымдық жерге қарақшы мен қасқырды жолатпады, сондықтан ит төбелестіру үрдісі міне ғана басталды деп айтуға келмес.

Маман бұл ит тұқымының ресми атауы Ортаазиялық овчарка деп аталатынын айтады.

Қазақта Төбет, өзбекте Бөрібасар, түркменде Алабай аталатын бұл иттің түрі шындығында бір тұқым, ал ресми түрде ол Ортаазиялық овчарка деп аталады, – дейді ол. – Төбет таластыру оның психикасын қатайтып, бойындағы ерік-күшін арттыра түседі. Оның үстіне мұндай иттер басқа ит тұқымдары сияқты адамға бей-берекет арсылдап, қауып алуға әуес емес. Ол тек маңайға келген пиғылы жаман жан мен жануарды қуалап жібереді. Бүгінде Семей, Астана өңірлерінде төбеттің таза тұқымын алуға талпынып жүрген азаматтар бар. Оларды ақшаға құмартқан жандар деп ойламаймын. Өз басым төбет таластыру турнирлерін өткізуге тыйым салу иттің бұл түрінен мәңгілікке айырылу деп есептеймін. Ал мұндай турнирлерде міндетті түрде ветеринар, үш төреші болады. Арнайы ринг жасалады. Жекпе-жек барысында иттердің бірі сәл басымдылық танытса-ақ сайыс бірден тоқтатылып, жеңген ит анықталады. Бір жекпе жектің ұзақтығы ары кетсе 10-15 минут қана. Иттер төрт салмақта таласады. Ал қан-жоса болып, бір иттің екіншісін өлтіріп тастағанша таласуы деген мүлдем жоқ. Иттің өліп қалуы әр жүз жағдайдың біреуінде ғана орын алуы мүмкін. Оның өзінде рингте өліп қалған ит болған емес. Ит сайыс аяқталғаннан кейін жекпе-жек кезінде алған күйзелісті жүрегі көтере алмай өледі. Иттің күйзеліске қарсы тұра алуы үшін не керек? Ол үшін оны күнделікті бірнеше шақырым қашықтықта жүгіртіп, нәрлі тамақтандырып, арнайы массаж жасап отыру қажет.

Жеңімпаз ит қалай анықталады?

Жекпе-жек кезінде ерік күші мықты ит қалай анықталады дейтін шығарсыз? – деп қосты маман. – Жеңілген ит тісін қасқырша ақситып сақылдата бастайды. Осы кезде күші басым ит құйрығы мен басын көтеріп көлденеңдеп, «келсең кел, сенен қорықпаймын» дегендей кейіп танытады. Сол уақытта жекпе-жек тоқтатылады. Кейбір кездері сайыс басталмай жатып иттер осындай кейіп танытып, жеңімпаз ит бірден анықталып жататын жағдайлар болып жатады.

Маман бұл сайыстың кейбір тірі аң-құсқа салатын аңшы иттердің турнирінен әлдеқайда жақсы екенін алға тартады.

Ұлттық спорт түрлерінің біріне жататын жаңағы аңшы иттердің турнирін айтайық. Тірі қоян мен борсықты жасанды інге тығып, аңшы иттерді соңына салып қояды. Бұдан байғұс жануар қатты күйзеліп, иттің азуына ілінбесе де жүрегі ұстап өліп қалады. Аюды темір арқанға байлап артына лайка иттерін салады. Иттер жан-жағынан талаған аю шамасы кетіп, маңайын бағдарлай алмай көзі бұлдырап, амалсыздан құйрығына отырған кезде аңшы келіп атады. Міне нағыз жантүршігерлік көрініс!

***

Жалпы, төбеттің тұқымын алуда аталмыш турнирлер таптырмас мүмкіндік. Дегенмен, осының қызығына түсіп, табыс табуды көздегендердің де жоқ еместігін сөз басында айттық. Алайда, жеңіл табысты көздеген адамдарға төбеттің күшігін алу да оңайға түспес. Мұны жақында облыстық басылымдардың біріне сұхбат берген «Қарағанды-Алабай» тәлімбағының басшысы Галина Ким нақтылап отыр.

Ортаазиялық овчаркаға деген қызығушылықты бұл істен хабары жоқ адамдар білдіріп жатады. Сондықтан иттің күшіктерін бермес бұрын олардың не үшін алып отырғандарын сұраймыз. Егер олар итті төбелестіру үшін асырауды көздеп отырса қандай ақшаға болмасын бермейміз, – деген Галина Ким.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Суретте аягөздік Өміржан Омарғазинның «Бүлдөзір» есімді алып төбеті

Біздің анықтама

Төбет. Ортаазиялық овчарка (Алабай) – Орталық Азиядан таралған ежелгі ит тұқымы. Тарихта ортаазиялық овчарка Орталық Азия жерінен Алабай деген атпен шыққан. Қарауыл және қорғаушы қызметі үшін пайдалынылады. Ортаазиялық овчарка (Алабай) – халықтық сұрыпталу бойынша бұл ит 4 мың жыл бұрын үлкен территорияда пайда болған. Ортаазиялық овчаркалар Каспий теңізінен бастап, Қытай және Ауғанстан жерлеріне дейін таралған. Бұл нәсілдің ең басты ерекшелігі, ол тек шын қауіп төнген кезде ғана өз иелерін қорғау үшін төбелеске шығады және өз аумағын қорғауда үлкен рөл атқарады. Қазақы төбеттің сомдалған орташа тұрқы 72-75 сантиметр (кейде 80 сантиметр), салмағы 50-60 келі болып келеді.

Инфографика:

Ит таластыру турнирлеріне жіберілетін иттер:

Төбет (Ортаазиялық овчарка)

Кавказ овчаркасы

Америкалық питбультерьер

Америкалық стафордширлық терьер

Стаффордширлік бультерьер

Тоса-ину