Қалтаны жұқартқан

372
көрілім

"Менің өлкем" газетінің редакциясына жиі келіп түсетін сауалдардың бірі іссапар шығындарына байланысты. Ауылды жердегі мекемелерде жұмыс істейтін ағайын көп жағдайда осындай мәселемен бетпе-бет келіп жататыны рас. Жұмысшыларын іссапарға жіберуін жіберіп, артынан шығын орнын толтырудан жалтарып жататын мекемелер де баршылық. "Жұмысымнан айырылып қаламын ба" деп қорыққан азаматтар мәселенің бетін жылы жауып қоя салуға да барып жатады.

Басшылықтың кәрінен қорыққан қарапайым тұрғын осындай кезде газет редакциясына қоңырау шалудан басқа амал таппай қалады. Міне осындай оқырмандарымыздың бірі бізге жақында қоңырау шалып, өңірдегі бюджеттік мекемелердің бірінде қызмет істейтінін айтып, жаз бойы мекеме басшылығының тапсырмасымен жан-жаққа сабылып, қалтасының жұқарғанын айтты. Іссапар шығынын сұрап барған оған мекеменің есепшісі мұндай "сән-салтанат" тек мекеме басшылығы мен бас есепшісі іссапарға шықса ғана төленетінін кесе көлденең тартқан…

Газет редакциясына аталмыш мәселе бойынша жауап берген ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Бақытбек Қизатов іссапар шығындарын өтеу тек мекеме бастықтары мен есепшілерге ғана емес, барлық қызметкерлерге ортақ қолданылатын заң талабы екенін айтады.

Іссапар — жұмыс берушінің өкімі бойынша жұмыскерді тұрақты жұмыс орнынан тыс жерге белгілі бір мерзімге еңбек міндеттерін орындау үшін жіберу, сондай-ақ жұмыскерді басқа жерге оқуға, біліктілігін арттыруға немесе қайта даярлауға жіберу болып табылады. Сондай-ақ еліміздің Еңбек кодексінің 127-бабына сәйкес іссапар уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) мен іссапар күндеріне келетін жұмыс күндері үшін жалақысы сақталады.

Іссапарға жіберілетін жұмыскерлерге:

1) іссапарда болған күнтізбелік күндері үшін, оның ішінде жолдағы уақыты үшін тәуліктік төлемдер;

2) баратын жеріне дейінгі және кері қайтқандағы жол жүру шығыстары;

3) тұрғын үй-жайды жалға алу шығыстары төленеді.

Бас тартуға құқылы

Жұмыскерді іссапарға жіберудің шарттары мен мерзімдері еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер, жүкті әйелдер, сондай-ақ мүгедек жұмыскерлер үшін мұндай жұмысқа медициналық көрсетілімдер бойынша тыйым салынбаған болса, оларды іссапарға жіберуге жол беріледі. Бұл ретте, аталған жұмыскерлер іссапарға барудан бас тартуға құқылы.

Үш жасқа дейінгі балалары бар жұмыскерлер, егер медициналық қорытынды негізінде мүгедек балалар не отбасының науқас мүшелері тұрақты күтімді жүзеге асыруға мұқтаж болса, отбасының науқас мүшелерін күтуді жүзеге асыратын не мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған жұмыскерлер іссапарға барудан бас тарта алады.

Арнайы қағида бар

Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасының шегіндегі қызметтік іссапарлары туралы ережені бекіту туралы" 2000 жылғы 22 қыркүйектегі №1428 қаулысына енгізілген "Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы" ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы №256 қаулысымен Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидалары бекітілген.

Аталған қағиданың 3-тармағында Қазақстан Республикасының шегінде қызметтік іссапарларға арналған шығыстарын өтеу тәртібі көрсетілген.

Қандай шығындар төленеді?

Іссапарға жіберілген қызметкердің мынадай шығыстары төленеді:

1) iссапарда жүрген әрбiр күнi үшiн екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде тәулiкақы төленедi;

2) көрсеткен растау құжаттары бойынша (фискалдық чек, кіріс кассалық ордер, шот-фактура, шот, жүкқұжат, хабарлама, ал тұрғаны үшін дара кәсіпкер берген құжаттарды ұсынған жағдайда адамның мүлікті жалға беру құқығын растайтын құжаттар (жалдау шарты, патент, куәлік) және қонақүй қызметтерін берушілер ұсынатын басқа да растау құжаттары қосымша беріледі) тұрғын үй-жайды жалдауы бойынша:

- мемлекеттiк мекемелердiң басшылары мен басшыларының орынбасарлары үшiн тұрғын үй-жайды жалдау жөнiндегi шығыстардың сомасы тәулiгiне Астана, Алматы, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалаларында – айлық есептiк көрсеткiштің он еселенген мөлшерiнен, облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда – айлық есептік көрсеткіштің жеті еселенген мөлшерінен және аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларда айлық есептік көрсеткіштің бес еселенген мөлшерінен аспауға тиiс;

- мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері үшін тұрғын үй-жайды жалдау жөніндегі шығыстардың сомасы тәулігіне Астана, Алматы, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалаларында – айлық есептік көрсеткіштің жеті еселенген мөлшерінен, облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда – айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен, аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларда айлық есептік көрсеткіштің төрт еселенген мөлшерінен және ауылдық округтерде айлық есептік көрсеткіштің екі еселенген мөлшерінен аспауға тиіс;

растаушы құжаттар болмаған кезде тұрғын үй-жайды жалдау жөніндегi шығыстар, қызметкерлер тегін берiлген тұрғын үй-жайды пайдаланғаннан басқа жағдайларда, қызметтiк iссапарлар бойынша тәулiкақы нормасының 50 пайызы мөлшерiнде өтеледi;

4) жол жүру билеттерi мен қонақүйдегі орынды алдын ала алғаны үшiн, сондай-ақ iссапарға жiберiлген орынға келу және тұрақты жұмыс орнына қайтып келу кезiнде пойызда ақ жайма жабдықтарын пайдалануының құны осы шығыстарды растайтын құжаттар болған кезде;

5) iссапар орнына және тұрақты жұмыс орнына қайтып келу жол құжаттары болмаған кезде пойызбен жол жүрудiң ең төменгi құны бойынша шығыстары өтеледi;

6) темiржол станциясына, айлаққа, әуежайға, егер олар елдi мекен шегінен тыс орналасса, растайтын құжаттар болған кезде автокөлiкпен (таксиден басқа) жүруi бойынша шығыстар өтеледі.

Егер қызметкер шақырту бойынша мемлекет ішінде іссапарға шықса жол шығындары шақырушы тараптың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар егер қызметкер іссапарда жүріп ауырып қалса оған 40 күннен артық емес уақыттың ішінде тәулікақы төленеді. Бірақ ол өзінің жағдайын қандайда бір құжатпен куәландыруы тиіс.

***

Қоса кетсек, іссапарға жіберілген қызметкерге іссапарға кетер алдында жол жүру ақысына, тұрғын үй-жай жалдау бойынша шығыстарға және тәулікақыға тиесілі сомалар шегінде ақшалай аванс беріледі. Іссапардан оралғаннан кейін қызметкер бес жұмыс күні ішінде ақша қаражатының нақты шығыстары туралы аванстық есеп береді. Аванстық есепке іссапар куәлігі, тұрғын үй-жайды жалдау мен жол жүру шығыстары туралы құжаттар қоса беріледі.

Іссапар бойынша тиісті төлемдерін ала алмаған азаматтар жазбаша өтінішпен Өскемен қаласы, Карл Либкнехт көшесі, 19 үй мекенжайында орналасқан ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясына немесе "E-gov" электронды үкімет порталы арқылы жолдай алады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ