Қандай жаза қолданылады?

432
көрілім

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы бойынша мұғалімдердің жалақысы көтеріледі деп естідік. Жаңа жылдан кейін еңбекақымыз нақты қаншаға өспек? Тағы бір анықтағым келетіні, мұғалімдерді заңсыз жұмысқа тартқандарға енді қандай жаза қолданылады?

Күршім ауданынан тұрақты оқырман

Бұл сауалыңызға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді:

– Алдағы 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы 2 есеге артады. Бұл келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көбейеді деген сөз. Әрине, осы мәселе бойынша педагогтардың ішінде біраз үрей де бар. «Жалақыны көтергенде базалық лауазымдық жалақыны алып, соны ғана көтереді екен» деген сияқты пікірлер айтылуда. Сондықтан бұл мәселе Президенттің бізге берген тапсырмасы аясында жалпы, мұғалімнің жалақысына қатысты болады деп айтқым келеді және қаңтар айынан бастап бұл жұмыс жүргізіледі. Заң жобасында сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін педагогтерге 2 есе мөлшерде қосымша ақы төлеу көзделген. Бұл норма еліміз бойынша 182 мың сынып жетекшісіне және дәптер тексергені үшін үстемақы алатын 165 мың мұғалімге қатысты. Сондай-ақ барлық педагогтар үшін демалыс кезеңін 56 күнге дейін ұлғайту қарастырылады. Бұл норма бүгінгі күні 110 мың әріптесімізге қатысты. Бүгінде олар 42 күн ғана демалатын болса, енді 56 күндік еңбек демалысын алады.

Екінші сұраққа қатысты айтарым, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Аталған заң жобасымен 3 кодекске және 15 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Заң жобасында мемлекеттік бақылаудың сыртқы бағалау мен аккредиттеудің қолданыстағы жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар норма қарастырылған. Мұғалімдерді артық жұмысқа тартуға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу және осы норманы іске асыру үшін нақты санкциялар қарастырылған. Заң жобасында мұғалімдерді міндетіне жатпайтын жұмысқа тартқанын үшін әртүрлі құқық бұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл көзделген. Осыған ұқсас айыппұл жұмыс уақыты нормасын заңсыз асырғаны үшін де қарастырылып отыр. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының есептік тізбесі мен формасын бекіту бойынша Білім министрлігінің құзыреттілігі кеңейеді. Сондай-ақ мұғалімдердің біліктілік талаптарын бекіту, оқушылар мен тәрбиеленушілердің оқуының қауіпсіз жағдайын, тәрбиеленушілерді күту, оларды қамтамасыз ету нормалары да сақталады.