Қаңтар қарлы болмақ?

253
көрілім

Қыстың екінші айы да келіп жетті. Белгілі метеосайттардың болжамына сүйенсек, алдағы қаңтар айының басым бөлігінде қар жауып, бұрқасын болғанымен, шыңылтыр аяздар болмайды. Бұл айда күндізгі орташа ауа температурасы -6… -17 градус мөлшерінде ауыспалы болса, түнгі уақытта ол -9… -24 градустық деңгейді көрсетпек.

Қаңтар айының бірінші онкүндігінің бастапқы ширегінде желтоқсан айының соңында орныққан аяздың лебі әлі де қайтпағанымен, күн райы біртіндеп жылынып, алабұлтты күндердің саны көбейе түседі. Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде қар жауып, бұрқасындатуы мүмкін. Бұл онкүндікте ауа температурасы өңіріміздің кейбір бөліктерінде -6 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Бірінші онкүндікте ауа температурасы күндіз -6… -10, түнде -9… -17 градустық межеде тұрақталуы ықтимал.

Айдың екінші онкүндігі түгелдей дерлік бұрқасындатып, қалың қар жауады деп болжануда. Дегенмен бұл уақыт аралығында термометр бағаны күндіз -6… -12, түнде -17… -20 градустық межеде болады.

Қаңтардың соңғы онкүндігінде де қар жауып, аяз қайтадан күшейіп, күндізгі орташа ауа температурасы -9… -15 градусты көрсетсе, түнде -18… -24 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Ауа райын нақты болжау адамзат үшін әлі де мүмкін емес. Мұны алға тартқан метеосайт мамандары аталған болжамның шынайы мүмкіндігін 60 пайызға теңейді.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ