Қар құрсауынан құтқарылды

1016
көрілім

Үржар ауданында 300-ден астам жолаушы ақтүтек боранда қалған

Ауа райының бұзылуына қарамастан жолға шығып, тасжол бойында қар құрсауында қалған көліктер арнайы құтқару техникаларының бастауымен Аягөзге жеткізілді. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде шұғыл баспасөз мәслихатын өткізген ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов хабарлады.

Алдын ала ескертілген

-19 қаңтар күні "Қазгидромет" мекемесі секундына 25 метрге дейінгі жылдамдықта қатты жел соғатыны жайында ақпарат берген болатын, - дейді ШҚО ТЖД басшысының орынбасары Александр Ломыгин. - Төтенше жағдайлар департаменті осының негізінде СМС-ақпарат дайындап, ұялы операторлар арқылы тұрғындарды хабардар еттік. Болжанғандай желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жетіп, тас жолдарда желге қарсы көліктің есігін ашу мүмкін болмай қалғаны рас. Біз жол тазалаушы ұйымдармен және Полиция департаментімен бірлесе отырып адамдарды қауіпсіз жерге көшіру үшін облыс орталығынан қосымша техникалар шығардық. Жолдың қашықтығы мен көру мүмкіндігінің аз болуына байланысты техникаларымыз межелі жерге кешкі сағат 23.00 шамасында жетті. Бұған дейін құтқару жұмыстарын жергілікті әкімдік пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жүргізген болатын.

Жауапты тұлғаның айтуынша, жергілікті жердің құтқарушылары қар құрсауында қалған жолаушылардың біразын жақын арадағы дәмханаға жинақтаған. Қосымша көмек келген соң қалған жолаушылар құтқарылып, ары қарай автобуспен арнайы дайындалған қауіпсіз жерлерге жеткізілген.

Жасанды кедергілер көп болды

- 20 қаңтар күні сағат 3.12-де Үржар аудандық төтенше жағдайлар бөліміне "Алматы-Өскемен" тасжолының 683-686 шақырымдарында қар құрсауында көліктердің қалып қойғаны туралы шұғыл хабарлама келіп түскен болатын, - дейді басқарма бастығы. - Бастапқыда сегіз автокөлік қар құрсауында қалған болатын. Сағат таңғы 5.00-де Үржар ауылындағы "Қазақавтодор" мекемесіне қарасты ДЭУ-24 жол учаскесінен арнайы қар тазалағыш шнекоротор мен күрегі бар "Урал" техникалары шығарылды. Сағат алтыда олар оқиға орнына жетіп жұмыстарын бастап кеткен.

Басқарма басшысы көліктердегі жолаушылар мен жүргізушілердің Төтенше жағдайлар департаменті құтқарушыларының адамдарды қауіпсіз жерге көшіру туралы ұсыныстарын құп алмай, өз көліктерінде қалуды ұйғарғандарын айтады.

- Шнекоротор техникасы ауа райының қолайсыздығы салдарынан екі қатарға тұрып алған көліктерді айналып өту кезінде жол жиегіне шығып кетіп, қалың қарға батып қалған. Осының салдарынан қар құрсауындағы көліктер одан әрі көбейе түсіп, бірнеше сағаттың ішінде қасат қардың құрсауында қалған техниканың саны 20 автобус, 143 жүк және 78 жеңіл көлікке жеткен. Түскі сағат 12.00-де аталмыш жол бөлігін жабу жөнінде шешім қабылданып, облыс әкімі орынбасарының басшылығымен жедел штаб құрылды. 312 адам, оның ішінде 28-і Таскескен ауылының ауруханасына, 40 адам Ы.Алтынсарин атындағы мектепке, 55 адам Ақтамберді мектебіне, 19 адам жергілікті колледжге ал 60 адам Таскескен ауылының тұрғындарының үйлеріне эвакуацияланды. 40 адам өз күштерімен Үржар ауылына жетсе, 40 адам жергілікті дәмханалардың бірін паналады. Жергілікті әкімдік оларды ыстық тамақпен қамтып, қажетті деңгейде көмек көрсетті. Жұмылдырылған арнайы техниканың көмегімен жол тазаланып, кеңейту жұмыстары жүргізілді, - деп қосты Нұржан Сайлаубекұлы.

Оның айтуынша, қар құрсауында қалған көліктердің басым бөлігі Өскемен қаласы бағытына бет алған көрінеді. 21 қаңтар күні арнайы құтқарушы техникалардың бастауымен көліктер колоннасы Аягөзге жеткізілді.

***

22 қаңтар күні облыстық газет редакциясына Төтенше жағдайлар департаментінен өңірдегі жағдайдың тұрақталғаны жөнінде ақпарат келіп түсті. Осы себепті облыстағы орын алған төтенше жағдайға байланысты құрылған жедел штаб жабылып, жедел байланыс жүйесі де қызметін тоқтатты. "Қазақавтожол" және "ОблШығысЖол" мекемелері "Алматы-Өскемен" тасжолының 615-768 шақырымдарының, сондай-ақ республикалық маңыздағы "Таскескен-Бақты" тасжолының 0-187 шақырымдарының барлық көлік түрлеріне ашылғанын хабарлады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ