Жыртқыш аңның малға шабуы өңіріміздің барлық аудандарында орын алуда
Шалғай орналасқан ауыл-аймақ тұрғындары соңғы кездері түз тағысының ауыл маңын жиі торуылдайтынын айтып дабыл қағуда. Қасқырлар малға жиі шауып, адамдарды қорқытатын болған .Аталмыш үрдісті ауыл тұрғындары қасқыр санының шамадан тыс өсіп кетуімен байланыстырып отыр. Мәселе шынымен де осыда ма, жоқ па, одан шығар қандай жолдар бар екенін газет тілшісі анықтап көрді.
Саны көбейген
Қасқыр өңіріміздің барлық аумағында дерлік кездеседі. Шығыс Қазақстан облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы аңшылық аумақтарда жыл сайын ақпаннан наурызға және қыркүйектен қарашаға қараған мезгілде олардың санын бір санап қояды.
-2016 жылы облысымызда 1010 қасқыр болған, 2017 жылы олардың саны 1038-ге, 2018 жылы — 1196-ға жетті, - деді инспекция басшысы Ерлан Упобаев. Түз тағысының үй жануарлары мен адамдарға шабуылын тіркеу мониторингі жүргізілген жоқ. Бірақ мұндай фактілер 2018 жылы орын алған жоқ деп айта алмаймыз. Әсіресе Ұлан, Тарбағатай, Күршім, Зайсан, Катонқарағай және Абай аудандарында түз тағысының шабуылы жиіледі.
Осылайша, Шығыс Қазақстанда қасқыр санының ұлғаюы көп болмағанымен, оның орын алғаны рас. Аумақтық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы мамандарының айтуынша, бұл үрдіс үй жануарлары мен тұяқты жабайы аңдардың санының көбеюімен байланыстырып отыр. Инспекторлар қасқырдың көбеюін сондай-ақ марал, елік, бұлан және арқар сияқты шөпқоректі жануарлардың маусымдық көші-қонымен де байланыстырып отыр. Тұяқтылар табынының соңынан ерген қасқырлар олардың бұзауларына немесе қалыс қалған әлсіздеріне ауыз салады.
- Қасқыр саны аудандардың адам аяғы аз басатын, сондай-ақ үй жануарлары жайылатын аумақтарында көбейген, - деп түсіндірді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мерхат Әміров.
Шегі шектеліп отырады
Қасқыр санының тым шектен асуы жабайы және үй жануарларымен қоса адамдарға да қауіп төндіретіні белгілі. Өкінішке қарай, елімізде қасқыр санын реттеудің бір ғана жолы бар — ол аңдарды ату. Қасқырға деген аңшылық жылдың кез-келген уақытында ашық. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты зоология институты мамандарының ұсынысына сәйкес, қасқырдың 50 пайызға тең санын аулау табиғи тепе-теңдікті сақтауға септігін тигізетін көрінеді. Осы себепті, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жыл сайын қасқыр санын реттеуге бағытталған шараларды өткізіп отырады.
- Түз тағысын аулау үшін жол талғамайтын техникалар мен әуе көліктері қолданылады, - деп қосты Мерхат Әміров. - Биылғы жылы 320 қасқыр атып алынды.
Облыстық басқарма мамандарының айтуынша қасқыр шапқан мал зертханадан өтікізіліп, дезинфекцияланады, сонымен қатар мал иесінен алынып, көзі жойылуы да мүмкін, өйткені түз тағысының сілекейі арқылы малға аса ауыр дерт жұғуы мүмкін көрінеді.
Қасқырды өздігінен атуды көздеген азаматтар рұқсатты eGov.kz порталы арқылы "Саны реттеуге жататын жануарларды алып қоюға рұқсат беру" мемлекеттік стандартына сәйкес сұраным беріп, ала алады. Егер адамның басқа аңдарға деген аңшылық лицензиясы болса, қасқыр аулау үшін арнайы рұқсат алудың қажеті жоқ.
- 2017 жылы биологиялық негіздеме негізінде 381 қасқырды аулау шегі қойылса, 2018 жылы ол 415 қасқырды құрады, - деп қосты Ерлан Упобаев. - Шығыс Қазақстан облысы бойынша 2017 жылы 116 рұқсатнама берілсе, биылғы жылы мұндай рұқсатнама 156 рет берілді.
Жергілікті бюджет есебінен ауланған әрбір қасқыр басына сыйақы тағайындалған. Атап айтсақ, ересек қасқырдың әр басына 12 мың, ал күшігі үшін 6 мың теңге сыйақы беру қарастырылған.
Қоса кетсек.
Бұған дейін өңірімізде бірнеше рет қасқырдың адамға шапқан фактісі анықталған болатын. Олардың бірі адам өліміне алып келгені де рас. Естеріңізде болса, біз 2015 жылы Аягөз ауданының Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты ауылдардың біріне қасқыр кіріп, екі ауыл тұрғынының бірінің қолын, енді бірінің бетін талап тастағаны жөнінде жазған болатынбыз. Өздері аман қалу үшін ер адамдар аш қасқырды өлтіруге мәжбүр болған. Адамдар да бұл арпалыстан зардап шегіп, соңында бір адам түз тағысының сілекейінен жұққан ауыр дерттен көз жұмған болатын.
Ерлен ОСМАНОВ