Қара түндегі қанды оқиға

26
көрілім

Катонқарағай ауданы, Катонқарағай ауылында досының туған күнін атап өтуге кеткен ұлдарының қапияда қаза тапқанын естіген ата-ана қайғыдан қан жұтты. «Баламды пышақтап өлтірген қаскөй жазасыз қалмауы тиіс!» деген олар полицияға арыз жазған соң көп ұзамай іс сотқа жеткен. ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған сот процесі бірнеше айға созылды. Сот барысында белгілі болғандай, ішімдікке масайған марқұмның өзі айыпталушыға ізденіп, ақша сұраған екен. Шадыр мінезді танысынан 2 рет соққы жеген 17 жастағы катонқарағайлық шыдамы шарықтау шегіне жеткенде пышақтың көмегіне жүгініпті…

Қаралы хабар

Екі жарты бір бүтін болып қосылған Ағарыс пен Әсем (аты-жөндері толықтай өзгертілген) 2000 жылы шекесі торсықтай ұл сүйеді. Алайда жылдар өте екеуінің арасында түсініспеушіліктер пайда болып, балалары 5-ке толғанда ажырасып кеткен. Сөйтіп кішкентай Ернат әкесі мен әжесінің қарамағында қалады.

– Ернат спортпен айналысқанды жақсы көрді. Әрдайым туған-туысқандарына көмек көрсететін. Болашақта дәрігер болғысы келетін, – дейді әжесі.

2018 жылғы 30 сәуір күні досының туған күніне баратынан айтқан Ернат апасынан сыйлыққа деп ақша алып шығып кетеді. Сол сәтте егде тартқан қарт әже немересін соңғы рет көріп тұрғанын қайдан білсін?!

– Үйге келсем Ернат жоқ, – дейді әкесі Ағарыс, – Туған күнге кетті деген соң, біраз уақыттан соң келетін шығар деп ойладым. Бірақ ол үйге қелмеді. Келесі күні таңғы сағат 06.00-дер шамасында полиция қызметкерлері ұлымның қайтыс болғанын жеткізді. Қаралы хабарды естігенде өне-бойым мұздап, жүрегім сыздап кетті. Баламның бұл өмірде жоқ екендігіне мүлде сене алмадым.

Өскемен қаласында тұратын Әсем бауыр еті баласы Ернаттың қаза болғанын естігенде көз жасын көл етті. Бірден Катонқарағай ауылына құстай ұшқан ол, құқық қорғау органының қызметкерлерінен адам өлтіруге барған бозбаланың жазасыз қалмауын талап етті.

– Туған күн кешінде балам Берік есімді танысымен сөзге келіспей қалыпты. Сол бозбала «Ернат мені соғып жіберді. Өзімді қорғау үшін қолыма пышақ алдым» деп отыр. Алайда оның өне-бойынан ешқандай жара табылған жоқ. Отырыс барысында бәрі ішімдік ішіп, тек сол Берік қана сау болған деседі. Егер ол есін біліп тұрса, жанжал шыққанда неге қашып кетпеген?! – дейді Әсем.

Оқиға қалай болды?

Тәртіп сақшылары тергеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін іс Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жөнелтілген. Бірнеше айға созылған сот процесі қыркүйек айында аяқталды.

– Катонқарағай ауылынан жарты шақырым жердегі тоғайда сағат 19.00-де бас қосқан кәмелеттік жасқа толмаған бозбалалар туған күн тойлап отырады, – делінген сот үкімінде, – Араға біраз уақыт салып, олардың қасына Ернат пен Талант келген. Ішімдікке масайған Ернат Берікке шүйлігіп, «арақ алып бер!» дейді. Сол кезде төбелес басталып кетуі мүмкін екендігін түсінген Берік достарының бірінің автокөлігіне отырып, өзін үйге апарып тастауын сұраған. Алайда сабасына сыймаған 17 жастағы Ернат та көлікке мініп алады. Темір тұлпар тізгініне отырған жігіттердің бірі Катонқарағай ауылына қарай бағыт алған. Көлік ішінде де ізденуін доғармай Беріктің жағасынан алған бозбала былапыт сөздерді желдей естіріп, «Жүр, сыртқа шығып бірге-бір шығайық!» дегенді айтады. Сол кезде рөлдегі жігіт көлікті тоқтатып, Берік пен Ернат далаға беттеген.

Кикілжіңнің нүктесін құр сөзбен қойғысы келмеген Ернат қарсыласын бет тұсынан екі рет ұрып жібереді. Осыны көрген таныстарының бірі жүгіріп келіп араша түскен. Бірақ ашуға булыққан катонқарағайлық бұзақылығын доғармай Берікке қайтадан ұмтылады. Сабыр суы сарқылған Берік автокөліктің артқы орындығының арқа тұсында орналасқан қалташадан бүктемелі бәкіні алып, танысының оң және сол жақ кеуде тұстарына бірнеше рет сұғып жібереді. Ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған жәбірленуші «Жедел жәрдем» келгенше көп қан жоғалтып, жантәсілім еткен.

– Катонқарағай ауылындағы С.Ластаев атындағы орта мектепке алтыншы сыныпта ауысып келгенмін, – дейді Берік, – Өзім 2000 жылғы болсамда 1999 жылғы балалармен оқыдым. Ернатпен мектепте таныстық. Үлкен жігіттермен бірге жүретін ол маған жиі тиісіп, ақша сұрайтын еді. Былтырғы жылы 11 сыныпты аяқтап, Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облысының техникалык университетінің колледжіне оқуға түстім. 2018 жылдың 30 сәуірінде Катонқарағайдағы ата-анама 4 күнге қонаққа келдім. Сол күні телефоныма қоңырау шалған досым туған күнге шақырды. Төрт бала кешкі сағат 19.00-де ауыл іргесіндегі тоғайға бардық. Бәрі ащы судан ұрттағанымен, өзім ішімдікке мүлде жоламадым. Түнгі сағат 02.00-ден асқанда ауылға барған достарым өздерімен бірге 2 жігітті ертіп келді. Оның бірі – Ернат болды. Бұрыннан бері маған тиісіп жүретін ол қайтадан сол әдетіне басты. Арақ алып беруімді талап етіп, үйге қайтайын дегенімде, көлікке бірге отырып алды. Онымен қоймай, мені автокөліктен шығарып, ұрып-соға бастады. Сол кезде өзімді қорғамақ болып, қолыма пышақ алдым. Бірақ адам өлтіру ниетім мүлде болған емес. Ернаттың денесінен шапшыған қанды көргенде не істеп қойғанымды түсінбей, қатты шошып кеттім. Көзімнен жас парлап, жігіттерден «Жедел жәрдем» шақыруын сұрадым.

Бұзақылығы бірінші рет емес…

Сот отырысында куәлік еткен С.Ластаев атындағы орта мектеп мұғалімдері екі бозбаланың мінез-құлықтары жайлы баян етті. Олардың айтуынша, күрес үйірмесіне қатысатын Берік ешқашан бұзақылық әрекетке бармаған. Ал Ернат болса керісінше, ерсі қылығын жиі танытыпты.

– Ернатты бірінші сыныптан бастап танимын, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, – Ол үнемі өзінен үлкен жігіттермен дос болып жүретін. Тәртібі нашар бала бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Осыған орай, біз Ернатты арнайы оқу орнына жіберу үшін сотқа арыз жолдадық. Сөйтіп, ол Серебрянск қаласындағы арнайы мектепке ауыстырылды. Бірақ келесі жылы қайтып келген Ернат теріс мінезін мүлде тыйған жоқ.

Сондай-ақ сот барысында 30 сәуірде туған күнде болған бозабалаларға да сөз берілді. Олардың барлығы ішімдік ішкен Ернаттың Берікке өзі шүйліккенін айтты.

– Үйіне қайтпақ болған Берік менің көлігіме отырып өзін жеткізіп тастауымды өтінді. Алайда Ернат та көлікке мініп алып, оған соқтығуын жалғастыра берді. Екеуі көліктен түсіп кеткенде, мен де олардың қастарына таядым. Төбелеске ұмтылған Ернат Берікті жұдырығымен ұрып жіберді. Сол кезде Берік қолына пышақ алып, ұрып-соғуын жалғастырмақ болған Ернаттың денесіне бірнеше рет сұғады. Қансырап жерге құлап түскен Ернатты көргенде бірден «Жедел жәрдем» шақырдық. Алайда дәрігерлер келіп жеткенше оның жаны үзіліп кетті.

Жәбірленуші тарап істі қараған судяьдан балаларын өлтірген Берікке барынша қатаң жаза тағайындауды талап етті. Сондай-ақ олар өздерінің пайдасына 10 млн теңге моральдық залал өндіру жайлы талап арыз жазды. Ал екінші тарап ұлдарының адам өлтіру үшін емес, өзін қорғамақ болғандықтан осындай қадамға барғандықтан судьядан жеңіл жаза тағайындауын сұрады.

Темір торға қамалды

Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі бойынша айыпталушы Берік Құматаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99-бабы, 1-бөлігімен (адам өлтіру) кінәлі деп танылып, 7 жыл, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталушы өз жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болады.

– Айыпталушыдан жәбірленушілердің пайдасына 613 550 материалдық залал және 3 000 000 теңге моральдық зиянның өтемақысы өндіріледі, – делінген сот материалдарында, – Берік Құматаев қаулы шыққан күннен бастап 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым беруге құқылы.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ