Қаршадай қыз қаза болды

808
көрілім

Күршім ауданы Алғабас ауылында мұз үстімен жүріп келе жатқан көлік абайсызда су астына кеткен. Оқыс оқиға салдарынан 5 жасар қыз суға батып өлді.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, Алғабас ауылынан 10 шақырым жерде Бұқтырма су қоймасының „Аққұдық„ учаскесінде 5 адам отырған көлік жарылған мұз астына кетеді. Көліктен шыға алмай қалған 5 жасар қыз мерт болып, қалғандары аман қалған. Бүлдіршіннің денесін іздеуге Төтенше жағдайлар комитетінің Шығыс өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағының құтқарушылары жұмылдырылған.

– Сағат 09:30-да құтқарушылар қыздың мүрдесін судан алып шықты. Қайғылы оқиға 18 қаңтар күні шамамен 21:00-де орын алған. Ваз-2109 рұқсат етілмеген жермен келе жатқанда мұз ойылып, көлік су астына кеткен. Автокөлікте жүргізуші, әйел адам мен оның үш баласы болған. Төрт адам өз беттерінше мұз бетіне шығып, аман қалды, ал қаршадай қыз суға батып кеткен, – дейді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.

Айта кету керек, биыл өңірімізде көлік мұз астына кетіп, қайғылы оқиға бірінші рет орын алып отырған жоқ. Осыдан бірнеше апта бұрын Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасында 1959 жылғы балықшы суға батып, мерт болды. Көліктегі 2 жолаушы сыртқа шығып үлгерген.

Құтқарушылар мұзға шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет екенін еске салады: мұздан жаяу өту үшін оның қалыңдығы 15 см және одан көп, ал жеңіл көлік өтуі үшін 30 сантиметрден кем болмауы тиіс. Мұз бетіне қараңғы уақытта, тұман, жауын-шашын түскенде шығуға тыйым салынған. Мұз қалыңдығын аяқпен тепкілеп тексеруге болмайды.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ