Катонқарағай ауданы жаңа жылды қалай атап өтпек?

701
көрілім

«Ай ат айналғанша, жыл жылқы аунағанша» демей ме, дана халқымыз. Міне, көзді ашып-жұмғанша биылғы жыл өз мәресіне жетуіне аз ғана қалып, уақыт машинасы  шықылын үдете түскендей. «Жаңа жыл» десе елең ете қалатын елдің бұл күнді асыға күтетіні белгілі. Жаңажылдық шыршалар, сиқырлы ойыншықтар, мерекелік отшашулар кім-кімді болмасын, қызықтырары хақ. Сондықтан болар, жұрт мерекелік дайындыққа әлдеқашан кірісіп кеткен-ді. Осы орайда шығысқазақстандықтар келе жатқан Жаңа жылда қандай тосынсыйлар күтіп тұрғанын сайтымыздың тілшісі анықтап көрді.

Жуықта ғана облысымыздағы аудан әкімдеріне хат жолдап келе жатқан Жаңа жыл несімен ерекшеленетіні жайлі азды-көпті ақпарат алған едік. Соны бірден алыс-жақындағы оқырмандарымызбен бөлісуді жөн көріп отырмыз.

Катонқарағай ауданы

– Биыл Катонқарағай ауданы Жаңа жыл мерекесін қарсы алуға жергілікті бюджеттен 200 мың теңге бөлген. Бұл қаржы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сыйлықтарға жұмсалмақ. Сонымен қоса аудан, ауыл орталығындағы алаңға шырша орнату үшін бюджеттен қаржы бөлінбеген. Жалпы биіктігі 6 метрді құрайтын шырша табиғи. Желтоқсан айының 20 на дейін  тұрғызамыз, - деді Катонқарағай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аудан әкімінің жаңажылдық шыршасы 27 желтоқсан күні сағат 11:00-де Солдатово орта мектебінде өтеді. Оған азқамтылған отбасылардың балалары шақырылмақ. Шараға жалпы саны 200 дей адам жиналады деп жоспарлануда.

–Жаңа жыл мерекесінде балаларға арналған ертеңгіліктер өткізіліп, 27-31 желтоқсан аралығында көңілді ойын ұйымдастырылады. 31 желтоқсанда Катонқарағай ауданының барлық округтерінде оқушылар мен тұрғындарына арналған жаңажылдық мерекелер өткіземіз, - дейді ол.

Айта кетейік, 31 желтоқсан күні сағат 23:00-де аудан орталығы Үлкен Нарын ауылында жаңажылдық отшашулар болады. Ал бұл салтанатқа кәсіпкерлер демеушілік жасайды.