Катонқарағай ауданында учаскелік инспектор ауыл тұрғынынан электрошокермен «жауап алған»

777
көрілім

Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылында бөлімшеге жеткізілген ер адамды сабап, электрошокермен қинаған бұрынғы учаскелік инспектор жазаға тартылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.

Аудандық соттың материалдарына сәйкес, оқиға осы жылдың қаңтар айында тіркелген. Үлкен Нарын ауылында өз әйелімен жанжалдасып қалған ер адам өз-өзіне жарақаттаған. Жедел жәрдем бригадасы ауыл тұрғынын аудандық ауруханаға апарып, дәрігер нұсқауға сай болған оқиғаға қатысты полицияға хабар берген.

Хабарды қабылдап алған учаскелік инспектор емдеу мекемесіне таныстарымен бірге барады. Ауыл тұрғынын осылайша, Үлкен Нарындағы учаскелік пунктке жеткізеді. Пунктте полицияның сөзіне сәйкес, жеткізілген ер адам мас күйде айқайлап, жауап алуға кедергі келтірген. Құқық қорғаушы бірнеше мәрте ер адамды ұрып, артынша электрошокер қолданған.

Бұдан кейін тәртіп сақшысы таныстарына әлгі ер адамды ауылдың шетіне апарып тастауды сұрайды. Ауыл тұрғыны үйіне қайтып келіп, бәрін зайыбына баян еткен. Ақыры, олар прокуратураға арыз түсірген.

Сотта жәбірленуші сотталушыны бас бостандығын айырмауды сұрапты. Арнайы құрылғымен қызметін асыра пайдаланған сотталушы бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, айыпкердің өмір бойы мемлекеттік органда еңбек етуге құқығы шектеліп, капитан шенінен айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.