Катонқарағай ауданындағы Аққайнар ауылының тұрғындары сапалы ауызсудың жоқтығына наразы

1107
көрілім
Шартты фотосурет

Аққайнарлықтардың ауызсу мәселесі бұған дейін де жазылған екен. Екі жыл бұрын осы ауылдық округке қарасты Қайыңды ауылында екі ұңғыма қазылып, отыз жыл бойы ауызсуға зәру тұрғындардың мәселесі шешіледі делінген болатын. Мұны ауылдық округ әкімі Серікхан Құрманов мәлім еткен еді. Десе де Аққайнар ауылының өзінде кей тұрғындар ауызсу төңірегінде әлекке түсіп, аудан басшылығынан көмек сұрауда. Мәселенің анық-қанығына көз жүгірту үшін тағы бір мәрте аудан әкімдігінің ойын біліп көрген едік.

«Қыста қатып қалады»

Ол жақтың ойы ашық, сөздеріне қарағанда мәселе әлдеқашан шешіліп қойған. Сонда тұрғындар қай мәселені қозғады? Округ әкімінің жұмысын сынға алып, бәрі болмаса да біразының сапалы ауызсу пайдалана алмай отырғандығы қаншалықты рас? Газет редакциясына қоңырау шалған Марат Есқазыұлының (аты-жөні өзгертілген) сөзінше, су құбыры қыс түссе қатып, жазда келсе ауыл шетіндегі арық суы кеберсіп, бүкіл ауыл құрғап тұрғандай болды. Тұрғындар өтініші ауылдық округ әкімінің құлағына жеткенмен одан жоғарыға бармай тұрған көрінеді.

– Аққайнарлықтар ауызсу машақатын көріп отыр дегенім емес, алайда судан таршылық көрмей, қаһарлы қыс кәрін төгіп тұрғанда ұдайы қатып тұратын құбырды ретке келтірсе жөн еді. Жаз болса су кейде лайланып, ішуге жарамай қалады. Бақшада картоп пен көкөніс ексек оны суғарудың өзі айтарлықтай қиындық туғызады, – дейді Марат Есқазыұлы.

Мәселе әлдеқашан шешіліп қойған дедік қой. Жіберген сұраухатымызға аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауап берді. Ауызсу құбыры 2018 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында толықтай тартылған екен. Оған қоса Аққайнардағы 850 тұрғынның көңіліне селкеу түсіретіндей дәнеңе жоқтығын жеткізді.

Шартты фотосурет

– Қазіргі уақытта Аққайнар ауылындағы 228 тұрғын үй және барлық бюджеттік мекемелер сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілген, – деген ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дамир Мухамедов өткен жылы жүргізілген жұмыстарға да көз жүгіртті.

Қос ауыл қамтылмақ

Яғни былтыр 11 ауыл сапалы ауызсумен қамтылғанын алға тартты. Қызығы сол, 11 ауылдың ішінде Аққайнар ауылы да көрсетілген. Өткен жылы есепке ілінген елді мекендер мыналар: Новохайрузовка, Солдатово, Ново-Поляковка, Ақсу, Ақмарал, Жазаба, Балғын, Қабырға, Қызылжұлдыз, Үшбұлақ және Аққайнар. Бөлім басшысы бір сөзінде аталған Аққайнарға 2018 жылы ауызсу толықтай тартылған десе, өткен жылы қамтылған ауылдар қатарына аталған ауылды тағы да қосқан. Сонда дұрысы қайсысы? Бұл жерде су құбырының нақты қай жылы тартылғаны емес, сол жұмыстың неліктен сапалы орындалмағаны маңызды болып тұр. Тұрғындар атынан мәселе көтеріп, көзбен емес көңілмен көріп жүрген жағдайды жеткізген аққайнарлықтарды мәселенің байыбына бармай жатып байбалам салды дегендері қисынсыз. Демек соңына нүктесі қойылмаған шаруаның бары анық. Құптарлығы сол, аудан басшылығы 2018 жылдан бері «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламасын қолға алған. Содан бері Ново-Поляковка ауылындағы су құбыры желілері мен құрылыстарын қайта жаңарту және Ақсу ауылындағы су құбыры желілері мен құрылыстарын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Бөлінген қаржы да қомақты. Ново-Поляковка ауылына 331,033 млн теңге, Ақсуға 772,437 млн теңге бөлінген. Істері ілгерілесе алғашқы бағдарлама іске асырылуы шілде айында толықтай аяқталып, пайдалануға берілетін көрінеді. Ал биылғы жоспар қандай? Дамир Мухамедовтың сөзінше, осындай жұмыс Шыңғыстай ауылында жүргізілуде.

– Өткен жылы Шыңғыстай ауылындағы су құбыры желілелі мен имараттарын қайта құру жобасын іске асыру басталды. Құрылыстың жалпы құны – 681,318 млн теңге, жауапты мердігер – «НКО» ЖШС. Желтоқсан айында пайдалануға беріледі, – дейді ол.

Қоғамдық әже қойылмаған

Жалпы биыл аудан көлемінде қолға алынған су құбыры желілерін тарту жұмыстарына республикалық қазынадан 770 млн теңгеге жуық қаржы бөлінге. Шыңғыстай ауылында осы уақытқа дейін 489 млн теңгенің 91,513 миллионы, облыстық бюджеттен бөлінген 20 млн қаржының 5 миллионы игерілген. Сандар осылай сөйлейді.

Аққайнарлықтардың әлі де болса сапалы ауызсуды алаңсыз пайдалана алмай отырғандықтарына берілген жауап жоғарыдағыдай. Десе де Марат Есқазыұлы тағы бір мәселенің бөгеуін ағытты.

– «Туризмді дамытып, табиғаты таңдай қақтыратын өлкеде талай істің шетін шығарамыз» дейтін шенділер үлкен нәрсеге аяқ баспас бұрын негізгі жұмыстарға тоқталса жөн еді. Мәселен ауылымызда қоғамдық әжетхана жоқ. Бұл да болса үлкен кемшілік қой, – деп ауылдастарының атынан сөз алған ол округ әкімінің де сылбыр жұмысын жасырмады.