Катонқарағай ауданының әкімі: Аққайнар ауылында ауызсу мәселесі шешімін тапқан

4079
көрілім
Шартты фотосурет

Бұл туралы аудан басшысы Ренат Құрмамбаев Өскеменде өткен брифингіде мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Соңғы уақыттары ауыл тұрғындары ауызсу мәселесінің әлі күнге дейін нақты шешімін таппай келетіндігін айтып шағымданған еді. Ал жауапты тұлғалар "Ақбұлақ" бағдарламасы аясында ауызсу толықтай тартылғандығын алға тартқан болатын. Осыған дейін жіберген сұраухатымызға аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауап беріп, Аққайнардағы 228 тұрғын үй және барлық бюджеттік мекемелер сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілгендігін айтқан-ды. Тұрғындар аудан басшылығынан қаһарлы қыс кәрін төгіп тұрғанда ұдайы қатып тұратын құбырды ретке келтірілуін өтінген болатын. Аудан басшысы не дейді?

– Күннің суытуына байланысты жер қатады. Мәселе осыдан да туындайды. Өскемендегі құбырларда неге су қатпайды? Себебі ағын жоғары, судың тұрып қалуы деген жайттар орын алмайды. Ал ауылды жерлерде көп жағдайда су уақтылы ақпай, соңы келеңсіздіктерге алып келеді. Негізі ауданда тұрғындардың сумен қамтылуын қадағалайтын арнайы мекеме бар. Ал оны тартуға жауапты мердігер ұйым бастапқыда құбырды үй иесінің қашасына дейін тартып, әрі қарай өз қаражаты есебінен іске асырылуы тиіс. Ал ауызсуды үйге тартқан күннің өзінде құбыр іргетастың бетіне қарай орналастырып, судың қатуына себепші болады. Осы бағытта тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мәселе шешімін тапты. Бірқатар ауыл қарияларымен жолыққанымда ауызсуға қатысты ешқандай келеңсіздіктер болмағандығын жеткізді, – деді аудан басшысы.