Катонқарағай ауданының Қайыңды ауылына ауызсу келді

899
көрілім
Ауыл тұрғындары бұған дейін ауызсуды Бұқтырмадан алып отырған еді.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін "Қайраңда қалған қайран ауыл" тақырыбымен мақала жариялап, Катонқарағай ауданына қарасты Қайыңды ауылының ауызсу мәселесін қозғаған едік. Өр Алтайдың төскейін саялаған шағын ауылдың шымыр мәселесінің бүгін ғана бас көрсетіп отырмағанын, Бұқтырманың бұлаң мінезіне бағынышты болған елді мекеннің ауызсуға бірде жарып, бірде жарымай отырғанын тілге тиек етіп, асау өзен тасыса жағадағы ауызсу көзі - тұманы тып-типыл етіп, ел-жұртты әуреге салып қоятынын айтқан болатынбыз. Ол кезде бұл ауылға мемлекеттік бағдарлама арқылы ауызсу тартудың мүмкін еместігін айтқан жергілікті билік, бір амалын тауып таза судың тауқыметін тартқан қайыңдылықтарға мамыр айының соңына дейін ауызсу құдықтарын орнатып бермекші екен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Ауызсудың зары өтті!

Қыста Бұқтырманың мұзын ойып су ішсе, жазғытұрым және күзгі уақытта бастау іздейтін қайыңдылықтар соңғы 30 жылдың көлемінде таза ауызсуға әбден зәру болған. Ауылдағы ауызсу мәселесінің шешілмей келе жатқанын айтқан Катонқарағай аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралинов, бұған дейін аталмыш ауылда екі ұңғыма болғанын, бірақ оларға жергілікті тұрғындардың өздері тас толтырып, іске жаратпай тастағанын айтқан еді. Дегенмен, мәселені назардан тыс қалдырмағанын алға тартқан ол, жаңадан ұңғыма қаздырып, ішіне насос түсірсек пе деген ойын білдірді. Ауызсумен осылайша қамту тәжірибесіне машықтанған Катонқарағай ауданының әкімдігі, осыған дейін Өрнек, Барлық сияқты ауылдарды ауызсумен дәл осылай қамтыған еді. Оның бұл сөзін құптаған Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев та алдағы уақытта аталмыш ауылдағы жерасты суларына геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілетінін тілге тиек етті.

Уәде орындалды

Десек те, "бір жағадан бас, бір жеңнен қол" шығара білген жергілікті билік биыл Қайыңды ауылындағы ауызсу мәселесін біржақты етпек. Бұл жөнінде сайт тілшісіне жауап берген Аққайнар ауылдық округінің әкімі Серікхан Құрманов хабарлап отыр.

- Мамыр айының соңына дейін ауылға екі ұңғыма қазып, олардың басына дүңгіршек орнатамыз, - дейді Серікхан Әлпешұлы. - Ауылдың жоғарғы жағындағы тұрғындар скважина басынан су алса, Бұқтырманың суын ішуге мәжбүр болып отырған төменгі жақтағы қайыңдылықтар үшін дүкеннің жанынан бір колонка орнатып береміз. Ал құдықтан тартылатын құбырдың екінші басын мектепке тартпақпыз. Шағын орталықта оқитын бүлдіршіндер үшін қолайлы мүмкіндіктерді жасамақпыз. Су алатын кран мен дәретхананы мектеп ішіне кіргізіп, кәріз жүйесін тартамыз.

Осылайша игілікті істі қолға алған Аққайнар ауылдық округінің әкімдігі аталмыш мәселеге жұмсалатын шығынды аудандық ТҮКШ бөлімі өз мойнына алып отырғандығын тілге тиек етті.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ