Катонқарағай мен Мұзтауға баруды қалай жоспарлауға болады?

14682
көрілім

Бұл аумақ еліміздің киелі жерлерінің қатарынан ойып тұрып орын алған. Уақыттың бір сәтке тоқтап қалатын жері де осы деседі. Көркем табиғаты жайлы теңеу іздеп, ұтымды тіркестер тауып айту да қиынға түседі. Фотоаппаратын арқалап, арнайы атізін салғандар кейде көпшілік «аһ» ұратындай сурет түсіргендерімен, заманауи технологияның мүмкіндігі шектеле түседі. Маңғаз жатқан Мұзтау мен Көккөл сарқырамасына қалай жетуге болатыны жайлы тілші мақаласынан оқи отырыңыздар.

Алдын ала әзірлік жүргізген жөн. Олай болмағанда шаршап-шалдығып, жеткенше едәуір діңкелеп қаласыз. Алдымен жалпы жағдайы көңіл көншітерлік көлігіңіздің істен шықпауы маңызды, ал егер джип пен уазик сынды темір тұлпарыңыз болса, тіптен жақсы. Тек бір бағытта автокөлікпен жүремін десеңіз 450 шақырымды бағындыруға тиіссіз. Оның өзінде бұл тек асфальтты жол бөлігі ғана. Әрі қарай 37 шақырым жолды салт атпен немесе жаяу жүру қажет. Екіншіден, шекаралық аудан мен Катонқарағай Ұлттық саябағында (әсілі, мұны Өскеменде жүріп реттеп алған жөн) жүру үшін арнайы рұқсат қағазын алу керек. Үшіншіден, туристік сапарға жарайтын заттарыңызды тас-түйін дайындап алу: ас-су, құрал-жабдық, сондай-ақ өзге де заттар.

Сапарға шығу барысында саяхатшылардың бірден әралуан орындарды тамашалауға мүмкіндігі бар. Иә, Шығыстың дәл осы тұсына жеткенде қаладағы қарбалас пен қалтафонның тынымсыз шырылын бір сәт ұмытасыз. Айталық, асқар шыңы мұнартып тұрған Мұзтау мен ғибадат тасы (тағы бір атауы Рерих тасы). Аталған орындардың бүгіп жатқан әлдеқандай сыры мен құпиясы бар, аумағы аңызға толы дегенді көнекөз қарттар осыған дейін талай мәрте айтқан-тұғын. Ал биіктігі 4500 метрден асатын таудың киесі өз алдына. Талай саяхатшының ұртынан «Ғибадат тасы мен Мұзтаудың маңайына аяқ бассаң-ақ әлдеқандай құдіретті күш өне-бойыңды билей жөнеледі» деген ойлар сан рет шыққан. Мүмкін дәл осы тұсын сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар, не де болса ел-жұрт елең еткен ғажайыпты барып көрген жөн.

Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстандағы ең биік сарқырама Көккөлдің көркіне көз тастауға болады. Егер баруды мақсат еткен өлкеге бір өзім барамын, алайда жету жолы қиын дегендей екіұшты ойда болсаңыз, мамандандырылған фирмаларға жүгінуіңізге болады. Катонқарағай ауданына тур ұйымдастыратын бірнеше туристік компаниялар да қызмет көрсетуге әзір. Айталық, «Chakiev Tour» (Instagram-дағы жеке парақшасы – сhakiev tour). Қазір турдың мынадай уақыттарына жазылу жүріп жатыр: «Стандарт» тобы – 1-10 шілде, 2-11 тамыз; «Премиум» – 10-19 тамыз аралығы.

Қысқаша анықтама

Мұзтау, Белуха - Қатын таулар тізбегінде орналасқан. Мұзтау Алтай тауларының ең биік шыңы. Сонымен қатар бұл тау - «Алтайдың алтын таулары» бүкіл әлемдік мұрасының бір бөлігі. Мұзтауға апаратын ең қысқа жол Түнгір ауылынан бастап, Катунь өзенінің оң жақ сағасымен, одан кейін Аккем өзенімен жоғары (немесе Көшірлі ауылы арқылы 1513 метрлік жалғызаяқ жолмен, Аккем өзеніне дейін). Аккем өзенінен Төменгі Аккем өзеніне дейін шамамен 30 шақырым.

Мұзтау тауы екі биіктіктен тұрады, олар дұрыс емес пирамидалар: Шығыс Мұзтау (4506 м.) және Батыс Мұзтау (4435 м.). Солтүстікке - Аккем мұздығына қарай күрт аяқталады және оңтүстікке - Катунь мұздығына біртіндеп төмендейді. Қойнауы аңыз бен тарихқа толы Мұзтау киелі орындардың бірі.

Мұзтаудың бірнеше атауы бар. Алтайдың байырғы тұрғындары оны Уч-Сумер (Үш Сүмер) деп таниды. «Үш» сөзі түсінікті болса, «Сүмер» деген моңғол тілінде, буддизмдегі «Меру» - «Киелі тау» деген мағынаны береді. Яғни «Үш Сүмер» - «Үш басты киелі тау» деген атаудан шыққан. Кезінде Алтайдың екі жағын қатар қоныстанған елдердің арасындағы маңызды сауда – экономикалық рөл атқарған Үкік жазығынан қарағанда Мұзтаудың әппақ тәж киген үш басы анық көрінеді.

Мұзтаудың екінші атауы «Қатын Бажы». «Қатын» сөзі ертедегі түркілер тілінде «Ханшайым, тегі асыл әйел» деген мағына берген. Ал «Бажы» кейіннен трансформацияға ұшыраған «Басы», яғни «Бас» немесе «Шың» сөздеріне келеді. «Қатын Бажы» сөзі қазіргі тілмен айтқанда «Әппақ тәж киген Ханшайым» мағынасына ие. Тағы бір тәржіме-түсініктеме бойынша Ежелгі Көк Тәңгірге табынған елдер арасында «Құдайлар тауы» деген де түсінікке ие болған-мыс.

Мұзтаудың етегінде Қатын өзенінің жағалауында «Патшалар алқабы» бар. Берелдің бел ортасында орналасқан. Терең мұздықтарға жерленген, тастармен басылып тасталған қорымдар бертінге дейін «белгісіз халықтар моласы» атанып келген. «Марал қорымы» деген атауы жергілікті халыққа етене таныс. Кейіннен ұлы түркі қағанатына тікелей қатысы бар, Қағандардың жерленетін орны екені белгілі болған бұл алқаппен де байланысты аңыз өте көп. Соның бірінде былай дейді: «Осы өңірді мекендеген ілімі мен байлығы басқалардан екі бас жоғары тайпа өмір сүріпті. Жаугершілік заманда ел басына күн туып, тайпа адамдары үңгірлер арқылы белгісіз жаққа кетуге мәжбүр болған. Аңыз бойынша басына балбал тас орнатылған тас қорымдар тайпаның жер астына кету жолдары екен-мыс. Рерих осы жерде Тибетте естіген «Жер астынан шыққан білімді адамдар туралы аңызды» еске алады, бұл арада қандай да бір байланыс табу қиын.

Сапарға әзірлік

Егер бірнеше адам бірігіп жолға шығуды жоспарласаңыздар онда емін-еркін тыныстасаңыз болады. Себебі керек-жарақ, рұқсат қағаздарын ресімдеу, жөні түзу көлік табу сынды әуре-сарсаңға салатын шаруалар ұйымдастырушылар мойнына жүктелмек. Ал көптен ірге үзіп, тыныштықта саяхаттауға бекінсеңіз онда шекаралық аудандағы межелі жеріңізге жету біршама күш-жігеріңізді сарқып жіберуі кәдік. Мұндайда турагенттіктерге қоңырау шалып, я болмаса барып жүгінсеңіз, ол жақтағылар азын аулақ ақшаға барлығын ресімдеп береді.

Барып-қайтуға қолайлы уақыты

Бірнеше күнде бойжазып, әсем табиғатқа тамсанып үлгеремін десеңіз, қателесесіз. Ретін тауып, кемі бір жеті уақыт тапқаныңыз ләзім. «Chakiev Tour» өкілдері Мұзтауға 10 күнге (Жолға екі, саяхаттауға сегіз күн қажет. Көрікті жерлеріне барып, жан-жағын алаңсыз аралауға болады) барып келуге ұсыныс жасауда.

Қалай жетуге болады?

Мұзтауға апарар негізгі нүктелерді белгілейік:

Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын ауылы – Катонқарағай – Өрел – Берел, ары қарай Азовка ауылына тақтайша жол көрсетіп тұрады. Осы жерден (бұл тұста асфальт аяқталып, таулы жол басталады) солға бұрылу қажет. Көпшілік алдынан Язевое көлі шығады. Одан ары жаяу-жалпылы, мүмкіндік болса салт атпен жүрген жөн.

Ең соңғы нүкте – Көккөл сарқырамасы. Жақындау маңда шатыр тігіп, жайғасуға болады.

Нені тамашалауға болады?

Алтайға қоныс аударған алғашқы ортодоксальды христиан өкілдері (староверы) жұмақтың жердегі бөлшегі – «Беловодье» осы Мұзтаудың ішінде жасырылған деп сенген. Бажовтың ертегілерінде жазылған «таудан аққан сүт тәрізді өзендер» осы Мұзтаудың тау бұлақтарына байланысты шыққан екен. Беловодье демекші, айналасын қатпар-қатпар тау қоршаса, Сенім, Үміт және Махаббат деген ерекше атауға ие шыңдары бұрын-соңды кездеспеген пейзаж іспетті. Таудың қазаншұңқырында Тепетеңдік (Равновесия) атты көл бар. Рауан таңда осы көлге көз тастасаңыз Мұзтаудың келбеті айнадағыдай ап-айқын көрінеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көл жағасына таяған сәтте жан-дүниенің айрықша тыныштығын сезінуге болады.

Мұзтау – Алтайдың інжу-маржаны

Мұзтау аңызға толы өлке. Бұл жаққа аяқ басқандар міндетті түрде бір жоғын іздей келеді. «Жердегі жұмақ – Шамбала» да, ғарыштан келген қонақтар да осында деген бір-бірінен өтетін аңыздар қаншама. Ал жанына сая, көңіліне сабыр іздеп келгендер мүлгіген тастар және аспанмен таласқан шыңдар арасынан адам табиғаттың бір кішкене бөлшегі екенін түсініп қайтады.

Көккөл сарқырамасы – арқыраған, арыны мол судың гүрілі қатты естілсе де, құлақ құрышын қандыратындай. 80 метр биіктіктен құлап ағады. Кейде оңашада қалуды аңсағандар дәл осы жерде өткен күннің естеліктерін көз алдарынан өткеріп, бір сәт терең ойға шомады.

Язевое көлі – балығы тайдай тулаған ерке көл. Аққайраны мол. Кейбірінің салмағы үш келіге жетеді. Күн ұясына батар тұста көл жанынан Мұзтауға көз тастағанда көркемдіктен көңілің көп сөз айтуға да дауаламайды.

Рерих ғибадат тасы – саяхат барысында бұрындары молибден мен вольфрам өндірген көнерген кен орнына көтерілуге болады. Сол жерде шахтаның орны да сақталған. Осыған қарап-ақ кезінде жұмысшылардың қандай ауыр жағдайда еңбек еткендерін аңғаруға болады.

Мұны біле жүріңіз

Мұзтауға бару үшін шынығып қана қоймай, өзіңді іштей психологиялық тұрғыда әзірлеп барған жөн. Байланыс ұстамайды, әлемжеліге қосылу мүмкін емес. Сапардың ерекшелігі мен қызығы да осында. Жақындарыңыз бен әріптестеріңіз кенеттен қоңырау шалса, сізді таппай абыр-сабыр күйге түсетіндіктері хақ. Алайда кейде жан тыныштығына мұрсат беріп, оларға алдын ала ескертіп қойған абзал.