Катонқарағайдағы ақындар аламанында бас жүлде иеленген Ардабек Ақбабаұлына қай қарсыласы қиындық келтірді?

22989
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Алтайдың біз білмейтін астарлы аңызы көп қой расымен. Жыластап аққан өзені мен ала бұлтқа жонын сипатқан жоталардың әрбірі келген мейманға құшақ ашып, өсімдіктері құлази тербелетіндей. Шілде туғанда Катонқарағай топырағына айтыстың шын жүйріктері жиналып, көршілес елдерден ақындар келді. «Алтайдай жер қайда?!» атты сөз сайысында көтерген тақырыптары әралуан, айтысу мәнерлері де жұрт көңілін әуелетерліктей, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Келмеген қос ақын

Қаншама арда азамат, жазушы-ақын, қайраткерлер дүниеге келген өлке бұл жолы да қазақ руханиятының белді өкілдерін бауырына басты. Тақырып төңірегінде жөпелдемеде жауап қайтару өз алдына, ақындар ұртынан төгілген әр сөздің қарсыласқа қарағанда ұтымды әрі дөп айтылғанын бағалайтын қазыларға артылған жүк ауыр болды. Әдеттегідей, көпшілік айтыстың бойтұмары деп қабылдайтын Жүрсін Ерман жүргізді. Сахна төрінің сол қапталынан орын алған еліміздің еңбек сіңірген қайраткері әр жұп өнерінен соң жанарын көрермен жаққа қадап, қазылар бағасын біліп отырды. Сөз қадірін өз қадірім деп түсінген олар тегіс салмақты құрамнан жасақталған жандар. Айталық, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет, Дәулеткерей Кәпұлы, Алмас Ахметбек, Серік Қалиев пен Серік Құсанбаев.

Кейбір ақындар өзі жол тартатын өлке жайлы алдын ала ақпар іздеп, дайындықты сол тұрғыда да жүргізіп жатады. Қос тарап салған жерден шабуылға шықса тақырып түйіншек болып байланып, тым шиеленісіп кететін кездер бар. Әйтсе де жеңімпаз қашан да біреу. Аңысын аңдысқанның өзінде, бірінің басымдығы қазыларға аңғарылып тұрады. Оған қоса, қырғыз, моңғол, өзбек ақындарының арқалап әкелген сөз қорамсағы айтыс алауын одан әрі тұтандырды. Көпшілік аягөздік Ринат Зайытов пен отырарлық Бекарыс Шойбековтің өнерін тамашаласақ деген-тұғын, бірақ олар келмеді. Дегенмен тарбағатайлық Рүстем Қайыртайұлы, қызылордалық Мұхтар Ниязов, түркістандық Еркебұлан Қайназаров сынды сыралғы ақындар барда ауқымды доданың деңгейі артпаса кеміген емес.

Ақша емес абырой маңызды

Осы аралықта келімді-кетімді қонақтар, олар тұрмақ, айтыстың шын жанашырлары да зайсандық Ардабек Ақбабаұлының жолына бәлендей үмітпен қарай қоймағаны рас. Өзі айтқандай, тыңғылықты әзірлік жүргізіп те үлгермеген.

– Дайындық жасауға көп уақыт болмады. Десе де 10 күндей әзірлік жүргіздім. Осының алдында Үржар ауданында аймақтық айтыс өтіп, сонда бақ сынадым. Бір жағынан, екі бірдей сөз додасына дайындалу мүмкін емес, – деді ол.

Түс ауа күн қабағы салыңқы болды. Алда сойқан айтыс күтіп тұр дегендей аңдатпа жасап. Финал басталып, сахнаға Рүстем Қайыртайұлы мен Мұхтар Ниязов беттегенде аспанды алашабыр бұлт торлап, ұйтқи жел соғып, баннерлерді бұйым көрмей ұшырды. Алма-кезек ой алмасып, олар тарқасқан сәтте жаңбыр да сілбілей жөнелді. Соған қарамастан, Катонқарағай жұрты мен меймандар тапжылмай тамашалады, тек жүргізуші ғана сахнадан басқа жаққа ойысты. Финал жалғасын тапты. Келесі жұп та домбыраны күмбірлетіп кеп, ортаға түскен тақырыпты көкпардағы серкеше жұлмалай тартысты. Ешбірі аянбады, тігілген бас жүлде де қомақты. Әйтсе де ақшасынан абыройы маңызды еді барлығы үшін.

Айтыс – тұнған тактика

Соған қарай жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталды. Үшінші орын өзбек ақыны Талғат Орынбеков пен Қазірет Бердіханға бұйырды. Екінші орынға Еркебұлан Қайназаров пен жерлесіміз Рүстем Қайыртайұлы жайғасса, бірінші орын оңтүстіктің үміті Мұхтар Ниязовтың қанжығасына кетті. Ал бас жүлде ше? Көпшілік арасында есімі жиі аталмай, топ жарады-ау деп топшыламаған Ардабек Ақбаба озып шықты. 2005 жылы Қытайдың Алтай аймағы, Көктоғай ауданынан Зайсанға қоныс аударған қандасымыз қорғана жүріп айтысқанын жеткізді. Сөзіне құлақ түрсек, айтыстың өзі – тұнған тактика. Қара сөзді оңды-солды төге беру жеңіске жетелемейді.

– Бірінші айналымда Моңғолиядан келген ақынмен жолықтым. Сосын Баянтаудың өкілі Аспанбек Шұғатаев ағамызбен жолым түйісті. Өзіме қарсыласымның жиі шабуылға шығып отырғаны тиімді, сонда ашыла түсемін. Ал моңғол ақыны көбінде жеке шумақтарын айтып, бірқалыпты айтысқа көшіп отырды. Сол тұрғыда қиынға түсті. Жалпы, айтыс дегеніміз екіжақты арнау емес, – деді топтан қара үзген айтыскер.

«Әкеге тартқан ұл болармын»

Айтуынша, халықаралық сөз додасына түскендердің бірқатарымен әлі жолықпаған. Сондықтан болар, бірін – мықты, бірін – осал, тағы бірін ыңғайсыз деп бөле-жармады.

– Барлығынан оза шаптым дей алмаймын, шеттерінен отауызды ақындар. Маңдайға береді, таңдайға береді дейді ғой, таудай еңбек пен тарыдай талап ұштасқан болар. Әр кезде әрқалай, – дегенінен жерлесіміздің бойынан қарапайымдылығы мен мәрттігі аңғарылды.

Ардабек ақын 15 жылдан бері Зайсанның намысын қорғап келеді. Айтуынша, әкесі Ақбаба Мұңсызбайұлы да Алтай аймағында айтысып, ән байқауларына қатысқан жан-жақты адам. Алғашқы ұстазы сол, «әкеге тартқан ұл болармын» деді. Марқұм апасы Оразқан Байдәулетқызы да таңды-таңды жалғап айтысқан ақын болған екен. Бала күнінен сөз өнеріне бойлай кірген жерлесіміз халықаралық бәсекенің өз деңгейінде өтуіне жергілікті кәсіпкерлер үлесі зор екенін атап өтті.

– Серік Толықпаев ағамыздың халық табиғатпен етене жақын болсын деп орындықтың орнына Павлодардан нығыздалған шөп алғызуы қазақылықтың иісін бірден аңқытты. Орындық қоя салса одан арзан шығар еді ғой, әйтпесе. Аудан кәсіпкерлерінің әдебиет пен мәдениетке осылай көңіл бөліп жатқандары шын қуантады, – деді ақын.

Қазір ата-анасымен Зайсан қаласында тұрып жатыр, өзінен кейін қарындасы бар. Отағасы, егіз ұл мен бір қыздың әкесі. Бас жүлде иегеріне бұйырған 5 миллион теңгені қалай жұмсайтынын әзірге жоспарламапты. Тіпті ол туралы ой келмеген. Бастысы абырой, туған жерге туыңды тігу деді Ардабек ақын.

Әділхан ЕСІМХАНОВ