Қатонқарағайдағы өрт мүгедек әйелдің өмірін қиып кетті

589
көрілім
Шартты фотосурет.

ШҚО Қатонқарағай ауданы, Катонқарағай ауылындағы үш қабатты үйлердің бірінен өрт шығып, оның салдарынан мүмкіндігі шектеулі әйел мерт болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Ведомствоның ақпаратына сәйкес, оқиға орнында аудандық өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Дарын Сапарқанов өрт сөндірушілер келгенше адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жұмысын жүзеге асырған. Оқыс оқиға жексенбі күні таңертеңгі уақытта Абай көшесіндегі 3 қабатты үйлердің бірінде болған. Дарын Сапарқанов дәл сол үйде тұрған екен.

— Тілсіз жаудың лап еткенін көргеннен кейін мен бірден өрт сөндіру қызметін шақырып, от шыққан орынға бет алдым. Өртеніп жатқан пәтерде мүгедек әйелдің тұрып жатқанын білетін едім. Есікті бұзып кіргеніммен, тым кеш болып кетіпті. Үйге кіргеннен кейін өртеніп жатқан қоқыс пен төсекте отқа оранып жатқан әйелдің денесін көрдім. Әріптестерім келгенше 1-ші подъездің тұрғындарын толықтай сыртқа алып шықтым, — дейді ол.

Арада аз уақыт өткеннен кейін өрт сөндірушілер келіп, тілсіз жауды ауыздықтауға кіріседі. Жалпы 36 адам сыртқа шығарылып, өрт сөндірушілер оттың басқа жаққа таралып кетпеуін қамтамасыз еткен.

— Өрттің таралу аумағы 15 шаршы метрді құрады. Тілсіз жаудың туындауына абайсыздық немесе электр құрылғысын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болуы мүмкін. Кінәлі адам мен келтірілген шығынның мөлшері анықталуы үстінде, — деп хабарлайды ведомстводан.