Катонқарағайлық шекарашы Раджан Батркановқа Тәжікстан Президенті орден тағайындады

17423
көрілім

Сол күні содырлармен сойған соғыс болды. Қарсы топ қарудың түр-түрінен төгілген оқты қарша боратты. Шекара шебіндегі әр жауынгер «бір қадам шегінбеңдер, өлсек, ортақ моламыз осы жерде» деп іштей бекінген. Соңында күші басым жау жағы басымдық алып қыспағын үдете түсті. Тәжік-ауған шекарасындағы жалынын жан-жаққа шашқан ұрыста Катонқарағай ауданының тумасы да болды. Атойлады. Ұран салды. Соңында жанындағы серіктерін ажалдан арашалаймын деп өлім құшты. Жуырда Тәжікстан Президенті Имомали Рахмон Катонқарағай ауылының тумасы Раджан Батркановқа I дәрежелі «Спитамен» орденін тағайындап, ерлігін ел-жұртының алдында мәлім етті. Осы ретте интернационалдық міндетін мүлтіксіз атқарған жерлесіміздің жүріп өткен жолы жайлы аз-кем мәлімет ұсынуды жөн көрдік.

Әдебиет әлеміне қадам

Қаңтар сөгілуге санаулы күн қалғанда Батркановтар отбасында кезекті қуаныш хабары көптің құлағын елең еткізді. Катонқарағай топырағы дүр сілкініп, «ел қорғауға әзір ұланның бірі баурайымда желдей есіп, жеңісті сәттерімен қуанта берсін» деп тілеулестігін танытқан. Жиырмаға да жетпей жау шебімен қиян-кескі ұрысқа түсетінін әлі ешкім болжап білмеген сәтке дейін Раджан Армияұлын жаратылысы бөлек, жарық дүниеге өзіндік миссиямен келген бе дерсің?.. Ал тәжік-ауған шекарасындағы қантөгісте қажет болған қайсарлық бала күнінен-ақ байқалыпты. Е.Рыков атындағы орта мектепте 30 жылдан астам тарих пәнінен сабақ беріп жүрген әрі «Жауынгерлік Даңқ» мұражайының жетекшісі Дәметкен Нұриева әлі бірінші сынып табалдырығын аттамаған Раджан Батркановтың кітапқа деген бөлекше қызығушылығын өткен күннің тереңіне бойлай бере сөз етті.

– Сол үйдің алдымен өтіп бара жатқанымда төрт-бес жастағы Раджан үнемі қашаның ар жағынан қарап тұратын. Жиі өтіп жүргендіктен көзі үйреніп қалды ғой деймін, бір күні «Апай, қайда бара жатырсыз?» деп сұрады. – Кітапханаға, – дедім. – «Кітапхана деген не?». – Ол жерде кітаптардың түр-түрі бар. – «Мені де ала барыңызшы». Ол кезде бірден алып кете алмадым, ата-анасы іздеп қалады ғой. Бір күні анасы Қизат апай күтіп тұр екен, «Кітапханаға барамын деп қоймай тұр, барып қайтсыншы» деді. Сөйтіп Раджан қисапсыз көп кітаппен алғаш рет жолықты, – деді Дәметкен Садуақасқызы.

Әрнені білуге құмартқан бала саналуан кітапты қызықтап ұзақ тұрды. Әлі оқи алмайды. Дегенмен Дәметкен Нұриева әдебиет әлеміне жақындай түссін деген ниетпен алғашқы қадамды бірге отырып ертегі оқудан бастады. Айтуынша, ағалары да өнерден кенде емес, асқан суретшілер.

«Апатай, амандық болса ораламын»

Әу баста ертегілер оқып жүрген Раджан Армияұлы бірінші сыныпта жүріп бірден «Батырлар жырын» қолға алды. Тарих пәні мұғалімін таңғалдырған жайт та осы.

– Бірінші-екінші сынып оқушылары мұны оқи бермейтін. Болса да ілуде біреу. Жеткіншек күнінен алғыр, тапсырмаға келгенде тап-тұйнақтай болуы спортта да жемісін берді, – дейді білікті ұстаз. – Раджан оқыған сыныптың ұлдары волейболға жуық болды. Ойын кезінде қарсылас қимылынан көз алмаған оның асқан қырағылығы алыстан-ақ байқалды.

Жылнама 1990-шы жылдарға таяды. Шыңдалып, шыныға түскен Шығыстың ұлы бала күнгі мақсатшылдығын жоғалтқан емес. Ауылдағы төбелес-қақтығыстардан бойын аулақ ұстап, қайта замандастарының әрбірімен достық қылын жалғауға ұмтылды. Мұны кейін мектеп басшылығындағы Халел Жөндібаев, биология және тарих пәндерінен берген Любовь Қалиқызы мен Бақыт Абраимова да растады. «Сабырлы да салмақты қалпынан патриоттығы бірден байқалатын. Өзі волейболдың хас шебері еді» деген сөйлемдер білім мен ерлікті ұшастырған ердің болмысын аз да болса аңғарта түсті. Бір мезетте дәрігер де, шекарашы болуды да арман еткен көрінеді. Ұстаздар мен ата-ана үмітін шырақ етіп, мектебін ойдағыдай тәмамдаған соң шекара училищесіне түсуге оқталды. Бұл 1992 жыл. Талайсыз тағдыр Алматыдағы әскери оқу орнында курсант болуға жазбапты, ауылға қайтып келді. Дәметкен Нұриева: «Раджан, оқуға түсе алдың ба?» дегенде «Апай, бұл жолы бұйыртпады» деп қысқа қайырды. Бала күнінен әдебиетке жол сілтеген ұстазға қағылез оқушысы жайлы Раджан Батркановтың туған әпкесі Айнаш Армияқызы үнемі айтып отырды. Тағы бір таңсық керуен тартқызған ғұмыр жерлесімізді Күршімдегі шекара жасағына жіберді. Міне, оқушы күнгі арманы ақиқатқа айналып отыр.

– Тәжікстанға кетуге бір күн қалғанда телефон соғып, мені шақыртты, – дейді анасы Қизат Жылмаспаева. – «Апатай, амандық болса үш айдан кейін ораламын үйге. Бірақ жолай оқуға құжаттарымды тапсырым шығамын. Еш уайымдамаңыз, қазір бір айға волейбол жарысына кетіп барамын» деді. Сөйтсем, Тәжікстанға жол тартыпты…

Жат жұрттағы жағдай

Арада жыл өткенде ТМД мен Тәжікстан аумағына бас сұққандарға тосқауыл қою мақсатында сарбаздарды іріктей бастады. Ниет білдіріп, алға қадам жасағандардың қатарында Катонқарағайдың тумасы да болды. Осыған дейін үш мәрте өтінім жасап, соңғысында ғана тәжік жеріне жол тартуға мүмкіндік алды. Әскери оқу-жаттығу барысында ауған жерінде сан түрлі ұрысқа кірген тісқаққан офицерлер «Тыңғылықты әзірлік Пяндж өзені маңында қажет болады» деп баса айтты. Күн ұзаққа жүгіру, аңқаны кептірген аптаптағы жаттығулар арада айлар өткенде Күршім жеріндегі шекарашылардың бір легін Душанбе әуежайына қондырды. Әрі қарай Памирге жол ашатын Калай-Хумб жеріне ұзақ сапар күтіп тұр. Жаңа өмір, жат жұрттағы күйбең тірлік әскери серт пен сезімге сызат түсірмеді. Дегенмен қауіп қыр астында еді. Қара қол (Черная рука) деген лақап аты бар мүджахидтердің көсемі астыртын әрекетін жоспарлап тәжік-ауған шекарасы арқылы ТМД жеріне дендеп ену жоспарын пысықтап жүрген. Мұны Раджан Батркановпен бір ұрыста болған ресейлік запастағы подполковник Алексей Володин де өзінің естелігінде жазды. Оның сөзінше, тәжік аумағындағы қақтығыстар барысында біріккен батальон жауынгерлерінен барлығы 46 қазақстандық көз жұмса, оның үшеуі Володиннің қарамағындағы әскерилер.

Тамыз айының 28-і күні Хорог шекара аумағында тәжік оппозиционерлерінің Хаким бастаған жырынды жігіттері Висхорвск шатқалынан өтуге ұмтылды. Шамасы, 5-ші, 6-шы шекара жасағының қиылысында жауынгерлер аз екендігін алдын ала анықтаған.

Батрканов барған қадам

Жер жағдайы мен шекарашылар әлеуетін әбден ескерген Қара қол (Черная рука) ұзын-сонар колоннаның көшін бастады. Кей шекарашылар жазбасында «Хаттаб» деп келтірілген. Бесінші шекара жасағына «Ұрысқа!» деп белгі берілген соң атыстың алғашқы әрекеттері басталып та кетті. Әрі қарай Калай-Хумбтан шығар жолға тосқауыл қойылып, күші басым тараппен келіссөз жүргізу қадамдары жасалған көрінеді. Шешен сепаратистерінің басшысы Хаттаб сөйлесіп жатпады, қайта ымыраға келуді басшылыққа алғандарды ұрып-соғып, тұтқын ретінде қалдырды. Олардың талабы – колоннаның кедергісіз әрі қарай қозғалуы. Ешбір сарбаздың өлімін болдырмау мақсатында шекара жасағының бастығы «Иә, дегендерің болсын» деп уақыт ұтуды құп көрген. Тұтқындар босатылған соң Хаттаб содырларын өкшелеу жалғаса түсті. Бұл 1994 жылдың күзі. Қыркүйек айының 28-і күні, сағат шамамен 17:00 кезінде қару-жарақ тиелген колонна 5-ші, 6-шы шекара жасағының қиылысында, Висхорвск шатқалының шыға берісінде тізгін тартты. Оларға қарсы тұрған шекарашылардың ұзын-ырғасы бірнеше есе аз. Екіге бөлініп оқ жаудыруды жоспарлаған содырлар қамдана бергенде өздері күтпеген жайтпен ұшырасты. Апыр-ай, Қара колдың жақтасы Джуманың да осы маңнан табылмасы бар ма?! Ендігі жағдай тіптен күрделі. Осы сәтте Раджан Батрканов пен лейтенант В.Селюк екеуі өзгелерден алға озып, барлық сарбаз бен шекарашының көліктерінен алшақтап, қару-жарақтарын жерге қойғандарын түсіндіріп көрді. Бұл уақытта аз жауынгердің өзі екіге бөлініп, кескілескен ұрысқа әзірлікті бастап та кетті. «Пяндж өзені маңындағы ерлік» жазбасында бітім төңірегінде аз-кем айтылған сөздерден соң келіссөз жұргізуді бастаған 19 жастағы Раджан Армияұлы мен жанындағы лейтанттан бастап, көзге іліккен шекарашыларға жаппай оқ жаудырылғаны айна-қатесіз келтірілген. Іс насырға шауып бара жатқанын байқаған мүджахидтер шекарашыларды жотаның қапталы арқылы қақпайлап, қоршауға алудың қамына кірісті. Алайда мұны байқап қалған жерлесіміз автоматтан оқ жаудырып бес содырды жер жастандырды.

Раджан Батркановтың анасы Қизат Жылмаспаева Тәжікстан елшілігі өкілімен

Батыр – бір оқтық

Ауған-тәжік шекарасындағы қантөгісті саралап жазған аға лейтенант Бекзат Молдахметов Хакимнің қолына 38 шекарашы қарсы тұрып, Раджан Батырқанов қапталдан қоршау айласын уақтылы байқамағанында шейт болғандар саны одан көп болуы мүмкін екендігін келтірді. Себебі қапталдан өтіп кетудің ең басты қаупі – жау граната лақтырып саны аз сарбазды әп-сәтте ұмар-жұмар ететіндігінде. Ал кейіпкеріміз бір қадам артқа шегінбеуге бекініп, ақыр соңында аяғынан жараланды. Осы ұрыста болғандардың естелігіне сүйенсек, жерлесіміз алған жарақаты салдарынан көп қан жоғалтып, Пяндж өзені маңында мерт болды. «Батыр – бір оқтық» деп қапысыз айтқан.

– Раджан әскерге кетерінде үйімізге келіп мәре-сәре болып қалдық. Шаруаға көмектесіп бақты. Әкем батасын беріп, ақжол тілеген-тұғын. Кейін ойлап қарасақ, осылай қоштасуы Жаратқанның жазмышын байқатқандай екен. Қайтеміз, жүрегіміз жылап, көңілімізді сартап сағыныш билейді, – деді жерлесіміздің нағашы әпкесі Нұргүл Тауданбекова.

***

Бейресми мәліметтерде Хаким бастаған содырлардың 32-сі ажал құшып, тоғыз жүк көлігінің жетеуі жойылды, 50-ге жуық адам жараланып, төртеуі із-түзсіз жоғалды. Кейін Мемлекет басшылығы тарапынан Раджан Армияұлына II дәрежелі «Айбын» ордені тағайындалса, биыл қыркүйек айының 30-ы күнгі бұйрыққа сәйкес Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон I дәрежелі «Спитамен» орденімен марапаттады.

Мана айтылған ресейлік Алексей Володин көзсіз ерлікке барған катонқарағайлық шекарашыға «Халық қаһарманы» атағын беру бастамасын көтерген екен. Жерлестері бірауыздан қолдауда. Тек мемлекет тарапынан Раджан Батркановтың есімі еш ұлықталмай, атқамінерлердің үнсіз жатқаны қынжылтады.

Бет қатталып жатқанда

Қуанышты хабар қазан айының 20-ы күні жетті. Тәжікстан елшілігі елордада жерлесіміздің анасы Қизат Жылқыбаққызы мен інісі Саматқа «Спитамен» орденін салтанатты түрде табыс етті.

Марапат елге жетті, ендігі қадам жергілікті билікте деп білеміз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ