Қауіпті вирус тарап кетпей ме?

421
көрілім

Шығыс Қазақстанмен шекаралас Қытай елінде коронавирустың белең алып жатқаны жайлы барлық телеарналарда, сайттар мен әлеуметтік желілерде сан мәрте айтылып та жазылып жатыр. Шыны керек, осыны естіп кәдімгідей үрейленіп отырмыз. Білгіміз келетіні, елімізде коронавирустың алдын алу мақсатында қандай да бір шаралар жүргізіліп жатыр ма?

Нұржан, Өскемен қаласы

Бұл сауалыңызға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі жауап берді:

– Елімізде коронавирусқа қатысты сарапшылардан құралған республикалық штаб құрылды. Сонымен бірге коронавирус инфекциясын алдын алудың ұлттық жоспарының жобасы әзірленді. Қазіргі кезде денсаулық сақтау басқармаларында пациентттер келіп түскен жағдайда онда инфекциялық стационарларды дайындау және оларды тиісті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары жүргізілуде. Медициналық мамандардың теориялық және практикалық (тренинг, оқу) дайындығы пысықталып, тексерілді. Медициналық ұйымдарды үзбей қамтамасыз етуге тиісті дәрі-дәрмектердің тізбесі әзірленді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына барып, жалпы жағдаймен танысты. Бұған қоса, мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және теміржол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту шаралары қолға алынуда. Сонымен қатар Қазақстанда коронавирусқа байланысты жедел желі (1406, 8(7172)76-80-43) іске қосылды.

Коронавирустың алғашқы белгілері – бастың ауруы, тұмау, кеудедегі ауырлық, өкпенің қабынуы, қызудың көтерілуі, жүрек қағысының жиілеуі, демнің жеделдеуі. Мұндай жағдайда ем шарасын өздігімен қабылдамай, бірден 103 нөміріне хабарласу керек.

Біздің анықтама

25 қаңтардағы ресми мәліметтерге сәйкес Қытайдың 30 провинциясында (автономды аудандар мен муниципалитеттерде) жұқтырудың 1975 расталған жағдайы тіркелді. Оның ішінде 56 адам көз жұмған. 13 елде 34 жағдай тіркеліп отыр: Гонконгта – 5, Таиландта – 5, Тайванда – 3, Малайзияда – 3, Сингапурда – 3, Францияда – 3, Жапонияда – 2, О.Кореяда – 2, АҚШ-та – 2, Вьетнамда – 2, Макаода – 2, Непалда – 1, Австралияда – 1 жағдай тіркелген.