Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың 70 пайызы науқаспен байланыста болған

330
көрілім
Шартты фотосурет

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында коронавирус инфекциясы бір адамнан 2-7 адамға жұққан. Бұл туралы ҚР Бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

– Қазіргі уақытта вирус біздің ортамызда жүр, өз ішімізде вирус таралып жатқанын ескерткім келеді. Елімізде тіркелген 369 КВИ жұқтыру жағдайының 70% - науқаспен байланыста болғандар. Яғни, жергілікті жағдайлар деп аталады, бүл жағдайда инфекция ошағын анықтау мүмкін емес, – деді бас санитарлық дәрігер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, бір адам орта есеппен 4 адамға инфекция жұқтыра алады. Ауру белгілері пайда болмай тұрып-ақ, адам бойында инфекция болады.

– Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында бір науқастан 2-7 адамға дейін ауру жұқтыру жағдайларын кезіктірдік. Бұл деректер вирустың жұғу қаупі жоғары екенін тағы да дәлелдеп отыр. Сондықтан, елдегі, әр облыс, қала, аудан, елдімекендегі және әрбір отбасындағы карантин - негізгі алдын алу шарасы болып қала береді. Артық байланысты тоқтатып, толық оқшаулану вирустың адамнан адамға тарауын тоқтатады, – деді А. Есмағамбетова.