Қазақстанда ғибадат үйлерінен тыс жерлерде неке қиюға жол берілмейді

297
көрілім
voxpopuli.kz

Ғибадат үйлерінен тыс жерлерде некені қиюға рұқсат етілмейді. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Алдағы уақытта ғибадат үйлерінен тыс жерлерде некені қию немесе тоқтату бойынша діни жоралар мен рәсімдерді жасауға жол бермеу ескерілген. Діни жолмен некеге тұруға ниет білдірген адамдардың біреуі ғибадат ғимаратына келе алмайтын жағдайда (ауыр науқастануы, мүгедектігі, бас бостандығынан айыру орындарында болуы), бұл діни рәсімді медициналық немесе өзге де ұйымда некеге отыратын адамдардың қатысуымен тіркелген діни бірлестіктің өкілі жүргізе алады», - деп тоқталды министр.

Осы орайда ол аталған талапты бұзғандарға айыппұл салынатынын жеткізді.

Сонымен қатар, заң жобасы аясында шетелдерде діни білім алу реттелетін болады. Жобаға Қазақстан азаматтарының шет мемлекеттерде діни білім алуына елімізде жоғарғы діни білім алғаннан кейін ғана жол берілетіні туралы норма енгізіледі. Дегенмен, халықаралық шарт негізінде, сондай-ақ тіркелген діни бірлестіктердің Қазақстанда діни білім беру ұйымдары болмаған жағдайда бұл талаптан тыс шетелде діни білім алуға болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.