Қазақстанда соңғы үш жылда сәби өлімі 4 пайызға артқан

277
көрілім

Үкімет үйінде ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев ана мен бала өлімін азайту мәселелеріне арналған селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Тengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров ағымдағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның мәліметтеріне сәйкес, соңғы үш жылдағы динамиканы талдау елімізде ана өлімін төмендету үрдісінің жоқтығын көрсетеді. Көрсеткіштердің өсуі Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады.

Сонымен қатар, соңғы үш жыл ішінде нәрестелер өлімі 4 пайызға артқаны белгіленген. Өңірлер тұрғысынан динамиканың аса өсуі Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында байқалады.

Жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында ана мен бала өлімін азайту бойынша жоспарлар жүзеге асырылуда, олардың негізгі бағыттары - кадрлармен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық жарақтандыру, медициналық көмекті стандарттау, цифрландыру және халықпен ақпараттық жұмыс жүргізу.

"Алайда, мониторинг аталған шараларды өңірлердің жеткіліксіз орындағанын көрсетеді. Мәселен, Алматы облысында мәлімделген 34 анестезиолог-реанималог дәрігердің тек 10 маманы, Қарағанды облысында 29 маманнан тек 1,, Ақмола облысында 30 маманның тек 4-і, Маңғыстау облысында 15 маманның тек 1-еуі тартылған. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстарында қажеттілік болғанның өзінде неонатолог дәрігерлер тартылмаған, ал Қостанай облысында 9-дан 2-уі ғана", - деді Надыров.

Оның айтуынша, бірқатар өңірде балалар ұйымдарын медициналық жабдықтармен қамтамасыз етудің төмен деңгейі байқалады. Атап айтқанда, олар - Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы.