Қазақстандықтар үйден шықпай 15 мыңға жуық мемлекеттік қызмет алды

408
көрілім
Шартты фотосурет

Мемлекеттік қызметтерді І және ІІ топтағы мүгедектер, 70 жастан асқан қарттар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар балалар үйден шықпай ала алады. Ол үшін өздері немесе қамқоршылары 1414 қысқа нөміріне қоңырау шалып, өтініш қалдыруы керек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұдан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары оларға хабарласып, үйлеріне барып мемлекеттік қызметті көрсету күні мен уақытын белгілейді.

Осы жылдың 5 айында Азаматтарға арналған үкіметтің филиалдары тұрғындардың үйіне барып 15 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде 700-ге жуық мемлекеттік қызметті ШҚО бойынша филиалы көрсеткен.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ШҚО бойынша филиал директоры Азамат Есембуловтың айтуынша, үйді-үйге барып мемлекеттік қызмет көрсету – корпорация құрылған сәттен бастап пайда болған қызмет және осы күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес.

– Азаматтардың үйлеріне барып көрсетілетін ең танымал қызметтер – паспорттар мен жеке куәліктерді беру, мүгедектерді протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету үшін құжаттарын рәсімдеу, – деді ол. – Бұл қызмет gov4c.kz сайтта да қол жетімді. ХҚКО қызметкерлерін үйге шақыру үшін басты беттегі «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған мемлекеттік қызметтер» тармағын таңдау қажет. Ашылған терезеде жеке деректерді толтыру, телефон нөмірін қалдыру және өтініш жіберу қажет.

Мемлекеттік корпорация қызметкерлері коронавирус пандемиясын ескере отырып, қызмет көрсету барысында барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды. Барлық маман маскалармен және антисептиктермен жабдықталған. Қызмет алушылармен байланысты азайту үшін ХҚКО мамандары дәлізден ары өтпей, әлеуметтік қашықтықты сақтау жіті қадағалануда

Айта кету керек, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мүгедектерге мемлекеттік қызмет көрсету жұмысына көп көңіл бөледі. Азаматтардың үйлеріне барып мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар, ХҚКО мамандары есту және сөйлеу қабілеті нашар адамдарға мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін ым-ишара тілін меңгерген.

Сондай-ақ мүгедектігі бар 807 азамат мемлекеттік корпорация мен оның филиалдарында түрлі лауазымдарда жұмыс істейді.