Кәсіпкерлер облыстағы туризмнің дамымауын инфрақұрылымның нашарлығымен байланыстырады

430
көрілім
Шартты фотосурет

Жуырда Ұлан, Үржар, Алтай аудандары және Риддер қаласынан келген кәсіпкерлер Өскеменде бас қосып, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндемейінше мұрты бұзылмаған мәселелердің бәз-баяғыша қалатынын тағы бір мәрте жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының аумақтық кеңесінде кезекті турзим комитетінің кеңесі өтті. Комитет төрағасы Асқар Оразов туристік нысандарға апаратын жолдардың жағдайына билік деңгейінде назар аударылғанын мәлімдеді. Жауапты тұлғаның айтуынша, Өскемен-Алтай бағытындағы Осины асуы учаскесіне қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Себебі мердігер ұйым бастаған ісін сапасыз істеп, аяқтамай кеткен.

Ал кәсіпкерлер көптеген демалыс базаларына, Поперечное ауылына және Батыс Алтай қорығына бастайтын Риддер жолын тыңғылықты жөндеуден өткізу қажеттігін жеткізді. Нақтысында Коноваловка ауылы мен Ресей шекарасында дейінгі 50 шақырым бөлігі. Демалыс базасы иелерінің бірі Владимир Климовтың айтуынша, Риддер аумағына ресейлік туристер де келуге ниетті, алайда жолдың нашарлығы кежегелерін кейін тартуға себепші. «Окуньки» тынығу базасының қожайыны Назым Сейтқазина көпшілікпен бірге Дұбығалы өзеніне жету үшін Өскемен-Семей тасжолы аралығында қашан жөндеу жұмысы жүргізілетінін тағатсыздана күтіп жүр. Белгілі болғандай, аталған жолды күтіп ұстау аудан әкімдігінің балансында, соған сәйкес 1,6 млрд теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы келісілді.