Кезекке тұра аламын ба?

402
көрілім

Өзім декреттік демалыста болғандықтан қазір жұмыссызбын. Он бес жастағы үлкен ұлымның мұрнының ұшы қисайған. Соның салдарынан демалысы қиындай түсуде. Дәрігерлер мұны ота жасау арқылы емдеуге келетінін айтты. Бірақ оның құны 100 мың теңгеден асып тұр. Дәл қазір мұндай мөлшердегі ақша жоқ. Білгім келетіні, ақысыз ота жасау үшін кезекке тұруға бола ма?

Талшын, тұрақты оқырман

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы 18 жасқа дейінгі жеткіншек пен бозбалаларға кепілдендірілген көлемдегі медициналық көмек ақысыз негізде көрсетіледі деп жауап берді:

– Анасы мен баласы Ана мен бала орталығына келіп, диагностикалық тексерістен өту үшін отоларинголог маманға қаралуы керек, – деп облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова мән-жайын түсіндірді, – Өзіңізбен бірге тұрғылықты мекен-жайыңызға сәйкес порталды жолдамаңыз болуы тиіс. Тексеріс қорытындысына байланысты, ұсыныстар және науқаспен жүргізілетін жұмыс тәсілі белгілі болады.